Алматыда 65 маман өрт сөндіруші қызметінің қатарына қосылды

20.05.2025 18:00

Биылғы «Алматы-2» теміржол вокзалында болған алапат өртте қаза тапқандардың рухына арналды

Ант қабылдап, азаматтық қорғауға атсалысады. Алматыда 65 маман өрт сөндіруші қызметінің қатарына қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

1989 жыл, 20 мамырда Алматы тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі болды. «Алматы-2» теміржол вокзалы маңында екі маневрлік тепловоз соқтығысып, газ толтырылған цистерна жарылған. Алапат жалын жүздеген метрге көтеріліп, маңайдағы ғимараттар мен тұрғындарға қауіп төндірді. Тілсіз жаумен күресте өрт сөндірушілер жанкешті ерлік танытып, қаланы үлкен апаттан сақтап қалды.

«36 жыл бұрын үлкен апат болды. Жойқын өртті сөндіру кезінде қатты жарылыс болып, жақын жолдастарымыз қаза болды. Апат әлі көз алдымда», – деді өрт сөндіру қызметінің ардагері Тілеужан Дүйсенбин.

Апатта  9 өрт сөндіруші жанын пида етті. Олар кәсіби міндетін соңғы демі қалғанша орындап, жүздеген адамның өмірін құтқарып қалды. Ерлігі үшін барлығы КСРО Жоғарғы кеңесінің шешімімен «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.

«Алматы-2» теміржол станциясында орын алған қайғылы оқиғада өмірін құрбан еткен ер жүрек азаматтарымыз И.Ф. Сафарғалиев, Р.С. Қасымов, С.К. Әлімтаев, И.А. Абдранов, Ф.А. Шәріпов, К. Аккулов, Е.К. Ысқақов, В.В. Никуленко және М.И. Мәліков халықтың амандығы үшін соңғы демі қалғанша күресті. Олардың есімдері өрт сөндіру тарихында алтын әріптермен жазылып, біздің есімізде мәңгі сақталады», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев.

Биылғы дәстүрлі ант беру рәсіміне 65 жас маман қатысты. Олар қызметтік міндетін абыроймен атқаруға, батырлардың ерлігін жалғастыруға уәде етті. Іс-шараға ардагерлер, қаза болған өрт сөндірушілердің туыстары келіп, қатарға жаңа қосылғандарға сәттілік тіледі.

Мәди Мәлік, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Қазақстанда суды заңсыз пайдаланғандарға жауапкершілік күшейеді