Ғалымдар бұрын жарияланбаған құнды қолжазбаны зерттеуге алды
Түркістанда Қожа Ахмет Ясауидің бұрын белгісіз болып келген 39 хикметі бар көне қолжазба табылды. Құнды жинақ екі ғасырға жуық уақыт бойы ескі ағаш сандықта, киізге ораулы күйі сақталып келген. Ғалымдардың айтуынша, бұл жинақ – Ясауи еңбектерінің бүгінге жеткен ең көне нұсқаларының бірі болып тұр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Сауран ауданының тұрғыны Еркін Сапаров көне қолжазбаларды бөлесінің үйінен тауып алған. Оның айтуынша, бұл мұра арғы аталарынан аманат болған. Сөйтіп қолжазбаларды Ясауитану ғылыми орталығына тапсыруды жөн көреді. Ғалымдар көне сандықтың ішінен Ясауи хикметтерінен бөлек, тағы 17 сирек жазба мен құнды діни кітаптарды да анықтаған.
«Бекметов Әлімжан Рамазанұлы деген азаматтың үйінен шықты. Неше жыл сақталғанын ол да білмейді. Сол үйден алдық. Бір көне ағаш сандықтың ішіне салынған екен. Төбесі жабық. Астына киіз төселген. Ақ матаға буылып соның ішінде болған», - дейді қала тұрғыны Еркін Сапаров.
Қолжазба шамамен 1834 жылдары жазылған. 103 беттен тұратын жинақтың ішінен бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған хикметтер де анықталып отыр. Одан бөлек, Абдулқадир Жайлани рисаласы, Сүлеймен Бақырғани хикметтері, Низамидің де шығармалары бар. Соның ішіндегі ең көнесі бес ғасыр бұрын жазылған «Танбиһ әл-Ғафилин Фариси» діни кітабы. Атауы «ғапылдарға ескерту» деген мағына береді.
«Қолымыздағы қолжазба құнды болып есептелінеді. 1544 жылға тиесілі. Араб-парсы тілінде жазылған еңбек. Бұл еңбек 151 беттен тұрады», - деді Ясауитану орталығының ғылыми қызметкері Күнсұлу Әсетова.
Ғалымдар бұл табылған мұра сопылық ілім, түркі жазба әдебиеті мен исламтану саласы үшін маңызды ғылыми дерек болатынын айтады. Алдағы уақытта бұл құнды қолжазбалар терең зерттеледі. Одан кейін қалпына келтірілу үшін Алматыдағы ұлттық кітапхананың зертханасына жіберілмек.
Нұркен Әкімхан, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда 70 балабақша тексеріліп, отыздан астам құқықбұзушылық анықталды