Алматыда 80 мыңнан аса кәсіпкер жеңілдетілген декларацияға өтініш берді

Қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері шағын және орта кәсіп өкілдеріне ережелерді түсіндіруде

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық кәсіпкерлер жаңартылған салық режиміне көшуді бастап кетті. Қазір мегаполистегі 80 мыңнан аса бизнес иесі жеңілдетілген декларацияға өтініш беріп, сәтті тіркелген. Қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері шағын және орта кәсіп өкілдеріне ережелерді түсіндіріп, артық шығынға батпау жолдарын көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елде үш арнайы салық режимі бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жеңілдетілген және шаруа, фермер қожалықтарына арналған декларация. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жалдамалы қызметкері жоқ азаматтар қолдана алады. Оған такси жүргізушілері, курьерлер, шаштараз және өз бетінше жұмыс істейтін басқа да тұлғалар кіреді. Бұл санатта Үкімет бекіткен 40 қызмет түрі бар. Арнайы мобильді қосымша арқылы чек берілсе, режим сол айдан бастап қолданылды деп есептеледі. Оңайлатылған декларацияға барлық салық төлеушілер өте алады. Ол үшін 1қаңтар мен 28 ақпан аралығында хабарлама тапсыру қажет. Уақытында хабарлама берілмесе, 1 наурыздан бастап кәсіпкер автоматты түрде жалпыға бірдей режимге көшіріледі. Яғни, егер сіз  бизнес иесі ретінде бұрын 4% ғана төлесеңіз, қазір уақытылы өтініш тапсырып үлгермеген жағдайда салық мөлшері 10 пайызға көтеріледі. Белгіленген мерзімді өткізіп алғандардың барлығы осы тәртіпке көшіріледі. Сондықтан бұрын оңтайланған салық режимін қолданған кәсіпкерлер де осы режимге өту үшін қайта тіркеліп, хабарлама тапсыруы міндетті.

2026 жылдың 1қаңтарынан бастап елде салық режимін қолдану қағидалары өзгерді. Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерге жаңа тәртіпке көшудің өтпелі кезеңі 28 ақпанда аяқталатынын еске салып отыр. Қаладағы шағын және орта бизнестің басым бөлігі сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде жұмыс істейді. Халықты ақпараттандыру үшін түсіндіру жұмыстары осы нысандардың өзінде жүргізіліп, кеңес беру кабинеттері бар. Онда мамандар қолайлы салық режимін таңдау жолдарын, e-Salyq Business мобильді қосымшасы немесе банк қосымшалары арқылы хабарламаны қалай тапсыру керек екенін көрсетеді. Сондай-ақ патент немесе арнайы мобильді қосымшалар арқылы жұмыс істеген азаматтарға бақылау-кассалық машинаны есептен шығару және қарыздарды өтеу тәртібі түсіндіріледі.

 «Осы машина келгеннен бері жақсы болды, барлық жұмыстарды бітіріп алдық.  Онлайн. Телефонға E-salyq business жүктеп алдық. Есепті қалай тапсыратынын түсіндірді. Көңіл бөлгендеріңізге, рақмет» – деді кәсіпкер Есімжан Дәркенбаев.

 «Біздің баруға уақытымыз жоқ. Сондықтан түсіндіру істері жүргізілді. Осы жерде бірден салық түрін таңдап берді. Уақыт үнемдедік, ақша жағынан жеңлдік болды, пайыз өспейді», – деді кәсіпкер Айгүл Байтемірова.

Негізгі талаптарға сәйкес, жеңілдетілген декларацияға жылдық табысы 2 жарым млрд теңгеден аспайтын кәсіп иелері өтініш бере алады. Жаңа ережеге сай, бұл жолы қызметкерлер санына шектеу жоқ. Жаңа режимге көшу үшін хабарламаны 1 наурызға дейін тапсыру қажет. Қазірде Алматы қаласында 80 мыңнан астам салық төлеуші оңтайландырылған декларацияға көшуге өтініш берген.

«Кәсіпкерлерге оңай болу үшін қаладағы барлық сауда нүктелеріне барып, сағаттап тұрып, қызмет етеміз. Мамандарымыз ережені түсіндіріп қана қоймай, келгендерге жеңілдетілген режимге сәтті өтуге көмектеседі. Қазір 83 мың кәсіпкер өтініш беріп үлгерді. Жұмысты әрі қарай жалғастырамыз», – деді Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Нұрлыбек Оспанов.

Кәсіпкерлерге қосымша қолдау ретінде 5 қаңтар мен 30 маусым аралығында «Халық бухгалтері» акциясы өтуде. Оның аясында бизнес өкілдері бухгалтерлік есеп, салықтық және ақпараттық жүйелермен жұмыс бойынша тегін кеңес ала алады.

Әйкерім Пернебек, Ялкунжан Әшмжанов

Оқи отрыңыз: Мерзімді әскери қызметтегі азаматтар енді кредит ала алмайды

Новости партнеров