Іс-шараға жас сарбаздардың жақындары мен туыстары қатысты
Алматыда 90 сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатарына қосылған азаматтарды мерзімді әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іс-шараға жас сарбаздардың жақындары мен туыстары, Қарулы күштердің ардагерлері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысып, қолдау көрсетті. Әскерге шақырылғандарға ақ жол тілеген қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы «іс-шараның осы саябақта өтуі бекер емес» дейді.
«Жыл сайын жас сарбаздарды осы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта әскерге шығарып саламыз. Біз бұл дәстүрді мақтан тұтамыз. Себебі, дәл осы жерден Иван Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы Ұлы Отан соғысына аттанған еді. Сондықтан бүгінгі іс-шара - өскелең ұрпаққа Отанды қорғаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп, бойына әскери-патриоттық тәрбиені сіңіреді», – деді Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Жақсылық Айтбаев
Ресми рәсімнен кейін әскери борышын өтеп жүргеніне 6 ай болған сарбаздар өнер көрсетіп, арты концерттік бағдарламаға ұласты. Кейін әскерге шақырылған азаматтар жақындарымен қоштасып, үлкен өмір мектебіне аттанды.
Бір емес, екі бірдей ұлды Отан алдындағы борышын өтеуге жіберіп отырған аналардың бірі – Әсел Ерғазы. Ол бауыр еті баласы мен жиенінің әскерде абыроймен қызмет етіп келуін тілейді.
Айта кетейік, биыл көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Алматы қаласынан 2000-нан аса азамат жауынгерлер қатарына қосылады.
«Әрине, қобалжып тұрмын! Оңай емес балаларды әскерге жіберу. Ең алдымен аман-есен міндетін, борышын өтеп, жақсы білім алып келсін. Енді әскерде болғанда үйдегідей емес қой. Елімізді қорғайтын үлкен азамат болсын!» – деді әскерге шақырылушының анасы Әсел Ерғазы.
«Десанттық-шабуылдау әскеріне бара жатырмын. Өз еркіммен келдім. Әскерге бару – әрбір азаматтың парызы», – деді әскерге шақырылушы Ерасыл Алпысбай.