Алматыда «Абай мектебінің» жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті

ҚР Оқу-ағарту министрлігі
ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Салтанатты іс-шараға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысты 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында дарынды балаларға арналған «Абай мектебі» мектеп-интернатының жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, білім саласының ардагерлері, қоғам қайраткерлері мен педагогтер қатысты.

Мектеп «Дарын» шағынауданында орналасқан. Жаңа оқу кешені 900 орынға арналған. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуына, зерттеу жұмыстарымен айналысуына, спортпен шұғылдануына және шығармашылық дамуына жағдай жасалған.

Салтанатты рәсім барысында министр Жұлдыз Сүлейменова: Бүгінгі басқосу - Абай мектебінің тарихи жолының заңды жалғасы, оның дамуының жаңа сапалық кезеңге қадам басуы. Бұл – болашаққа бағытталған стратегиялық маңызы зор шешім. Кезінде тау бөктерінде бой көтерген бұл қара шаңырақ сапалы білім мен тағылымды тәрбие алуға қызмет етіп, елдің зияткерлік интеллегенциясын тәрбиелеген бірегей білім ордасына айналды. Уақыт өте келе түрлі себептерге байланысты мектептің бастапқы аумағы тарылып, тарихи кеңістігі бөлшектеніп қалғаны белгілі. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатының нақты жүзеге асуы нәтижесінде Абай мектебіне қатысты тарихи әділеттілік қалпына келтірілді. Бұл - елімізде заң үстемдігі, тәртіп пен әлеуметтік әділдік қағидаттарының берік орнығып келе жатқандығының айқын көрінісі, - деп атап өтті.

Мектепте оқу кабинеттері, пәндік зертханалар, спорт және акт залдары, кітапхана, асхана, Абай музейі мен шығармашылық шеберханалар қарастырылған.

Сондай-ақ оқушылар үшін спорт алаңдары жабдықталған. Бүгінде мұнда 351 оқушы білім алуда. Білім беру процесін педагог-шеберлер, зерттеушілер, сарапшылар мен модераторлар қатарындағы 72 педагог қамтамасыз етеді. Жалпы ұжымда 146 қызметкер жұмыс істейді.

Салтанатты ашылу рәсімінің бір бөлігі ұлы ақынның рухани мұрасына арналды.

Қонақтарға мектеп тарихы туралы бейнеролик, шығармашылық қойылымдар мен Абай өлеңдеріне жазылған музыкалық шығармалар ұсынылды.

«Абай мектебі» еліміздің игілігі үшін сапалы кадрлар даярлау бағытындағы жұмысын жалғастыра береді.

Оқи отырыңыз: 2026 жылдың маусымында қазақстандықтар қалай демалады

Новости партнеров