Сондай-ақ мерейтой аясында жүлдегерлер марапатталды
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аудиториясына көрнекті кинорежиссер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдолла Қарсақбаевтың есімі берілді. Аудитория режиссердің туғанына 100 жыл толуына орай ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, іс-шараға режиссердің туыстары, мәдениет және өнер қайраткерлері, академия оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жиында режиссердің шығармашылығына, фильмдеріндегі кино тілінің ерекшеліктері мен көркем бейнелерге арналған екі монография таныстырылды.
Сондай-ақ мерейтой аясында «Балалық шаққа саяхат» студенттер байқауының қорытындысы шығарылып, жүлдегерлер марапатталды.
Абдолла Қарсақбаев – қазақ киносының дамуына елеулі үлес қосқан бірегей тұлға. Оның танымал туындыларының қатарында «Менің атым Қожа», «Қилы кезең», «Алты жасар Алпамыс» және басқа да фильмдер бар.
Атаулы аудитория режиссердің шығармашылық мұрасын сақтап, ұлттық кино өнерін дәріптеу мақсатында жастарды тәрбиелейтін кеңістік болмақ.
Оқи отырыңыз: Алматыда аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобына арналған арт-инсталляция ашылады