Шекарадағы жаңа мүмкіндіктер: Қазақстан көрші елдермен кедендік келісімдерді ратификациялады

21.10.2026 16:10

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» бекеті тәулігіне 70 мың адамға дейін өткізе алады

Almaty.tv

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» бекеті тәулігіне 70 мың адамға дейін өткізе алады. Нысан алдағы уақытта пайдалануға беріледі. Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің сөзінше, бекет арқылы күніне 200 автобус пен 3 мыңға жуық жеңіл көлік өте алады. Бұл туралы бүгін Құрылтайда айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Депутаттар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кедендік ынтымақтастықты нығайту туралы келісімді ратификациялады. Құжат жедел ақпарат алмасуды, 2 елдің кеден қызметтерінің жұмысын үйлестіруді және кедендік рәсімдерді жетілдіруді көздейді. Бұл шекарадан өту үдерісін жеделдетіп, екі ел арасындағы сауда-саттықты дамытуға мүмкіндік береді.

«Келісімді ратификациялау, кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға және мемлекет аралық өзара сауданы дамытуға ықпал ететін, Қазақстан мен Өзбекстан кеден қызметтерінің өзара байланысының қосымша институционалдық механизмін жасайды», – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Қазақстан мен Пәкістан кедендік ақпарат алмасуды жеделдетіп, контрабандаға қарсы бірлескен күресті күшейтпек. Құрылтай 2 ел арасындағы кедендік ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімді де ратификациялады. Құжатта тараптар күдік тудыратын жүк декларациялары, тауарлардың шығу тегі мен кедендік құны туралы мәліметтер алмасып, тыйым салынған заттардың заңсыз тасымалына қарсы күш біріктіретіні жазылған. Келісім кедендік бақылауды күшейтіп, екі ел арасындағы сауда мен транзиттік тасымалды дамытуға мүмкіндік береді.

«Бір-біріне алдын-ала ақпарат беру шекара арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алуға көмектеседі. Қазақстан мен Пәкістан арасындағы кеден саласындағы ынтымақтастық және өзара әкімшілік туралы келісімді ратификациялау екі ел арасындағы сауданы жеңілдетіп, кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді ҚР Құрылтай депутаты Бөріхан Нұрмұхамедов.

Оқи отырыңыз: Шикізаттан индустрияға: Қазақстан терең өңдеу саласын ауқымды жаңғыртуға кірісті

Толық көрсету