Күдікті – қыздың отбасының танысы әрі әкесінің жолдасы
Алматыда АИТВ жұқтырған ер адам 13 жастағы қызға зорлық жасаған. Бұл туралы құқық қорғаушы Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, күдікті – қыздың отбасының танысы әрі әкесінің жолдасы. Оқиға былтыр қыркүйекте болған. Сол уақытта қыздың анасы мас күйінде көлік басқарғаны үшін түзеу мекемесінде жазасын өтеп отырған. Салдарынан жарты жыл бойы қызына жасалған азғындықтан бейхабар болса керек. Қоғам белсендісі тергеу барысында жәбірленушіге түрлі қысым жасалғанын да ашық айтып отыр. Сонымен қатар осы уақыт аралығында қызға психологиялық көмек көрсетілмегені де айтылды.
Ал Полиция департаментінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу аяқталған. Енді істің нүктесін сот қояды. Құқық қорғаушылар кәмелетке толмаған жасөспірімге жасалған ауыр қылмысты жіті назарға алуды сұрап отыр.
«Қыз зорланған. Ол – АИТВ ауруымен ауыратын еркек. Өзі ауруын біле тұра, қызды қасақана зорлап отыр», – деді құқық қорғаушы Ләззат Ракишева.
Оқи отырыңыз: БҚО-да 16 жастағы қызды зорлаған шенеуікке қатысты қылмыстық іс қайта тергеледі