Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің сөзінше, шенеунікті босатып жіберген полицейлерге қатысты қызметтік тексеріс жүргізіледі
БҚО-да 16 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінген шенеунікті босатып жіберген полицейлерге қатысты қызметтік тексеріс жүргізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің сөзінше, зорлау фактісі бойынша қозғалған іс қайта тергеледі. Ол түпкілікті шешім сотқа дейінгі тергеу аяқталған соң қабылданатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, Шыңғырлау ауданында 57 жастағы ер адам кәмелетке толмаған қызды алдап үйіне шақырып, зорлаған деген күдікке ілінген. Жәбірленушінің әкесінің айтуынша, оқиға 2 қаңтарда болған. Құзырлы органға арыз жазылғаннан кейін күдікті ұсталып, жауап алынған. Алайда кінәсін мойындағанына қарамастан полиция оны босатып жіберген.
«Қылмыстық іс бастапқыда қозғалған, бірақ кейін тоқтатылған. Облыстық прокуратурамен бірге істі тоқтату туралы шешімнің күшін жойдық. Қыздың ата-анасы келтірген қосымша уәждер ескеріліп, іс бойынша тағы тергеу жүргізіледі. Барлық айтылған дәлел мен мәнжайлар тергеу барысында жан-жақты тексеріледі», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Оқи отырыңыз: Шетелде бес есе қымбат: ителгіні шекарадан өткізбек болған браконьерлер ұсталды