Қалада 9 аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істейді
Елімізде Құрылтай сайлауына санаулы күндер қалды. Өңір-өңірде саяси додаға дайындық қызу жүріп жатыр. Сайлау учаскелері қажетті құралдармен жабдықталып, дауыс берушілерді қабылдауға әзірленуде. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Алматыға арнайы келіп, дайындықты тексерді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алып шаһардың алдағы саяси науқанға дайындығын тексеруге келген Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Түрксіб және Алмалы ауданындағы бірқатар учаскені аралады. Жұмыс сапары аясында олар материалдық-техникалық жабдықталуына, дауыс беруге арналған үй-жайлар мен ақпараттық стендтердің дайындығына ерекше назар аударды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров, әсіресе, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін барлық жағдай жасалуы қажет екенін алға тартты. Бұл ретте № 91 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы бұрыш, пандус пен лифт, тактильді жолақтар мен браиль қарпі бар трафареттер қарастырылған.
«Мүмкіндігі шектеулі жандарға бір бұрыш бөлінген. Онда аудио, видео роликтер бар. 1875 адам тіркелген, бір адам басқа жақта болатынын ескертті», – деді № 91 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Салтанат Өмірзақова.
Айта кетейік, Алматы қаласында 9 аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның біреуі – қалалық, сегізі - аудандық. Ал 670-і учаскелік комиссия. Сайлаушылар тізімінде 1 329 251 алматылық бар. Егер азамат тізімнен өзін таппаса, мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының көмегіне жүгіне алады.
«Дауыс беруші өзін негізгі тізімнен таппаса, мобильді халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары азаматты базадан іздейді. Егер табылса, онда сайлаушы осы учаскеде өз таңдауын жасайды. Ал егер тізімде болмаса, онда дауыс беру үшін өтініш жазуы қажет», – деді № 91 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі Марат Мұсабеков.
Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров учаскелік сайлау комиссиясы өкілдеріне арналған оқыту семинарына қатысты. Онда дауыс беруді ұйымдастыру мен өткізудің негізгі рәсімдері, іс-қимыл алгоритмдері мен сайлау заңнамасының қатаң сақталуы практикалық тұрғыда пысықталды. Жиын соңында қаладағы барлық 670 сайлау учаскесінің талаптарға сай келетіні және қажетті жабдықтармен толық қамтылғаны белгілі болды.
Аяулым Көлжігіт, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Құрылтай депутаттарының сайлау алдындағы үгіт-насихаты қалай жүріп жатыр