Алматыда алғаш рет Xiaomi Store ресми дүкені ашылды

30.06.2025 19:44

Брендтің ақылды құрылғылары енді халыққа қолжетімді болмақ

Алматыда Xiaomi компаниясының фирмалық дүкені ашылды. Елімізде алғаш рет ресми іске қосылған Xiaomi Store - қазақстандықтарға жаңа топтамаларын ұсынып, мүмкіндігі мол заманауи құрылғыларын таныстырды. Компания басшылары әлемге әйгілі брендтің басты ерекшелігі - өнімдер жаһандық нарыққа бейімделген әрі саны шектеулі» дейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ақылды техника жасаудан алдына жан салмаған әлемге әйгілі бренд енді қазақстандық тұтынушыларға қолжетімді. Елімізде алғаш рет іске қосылған Xiaomi Store фирмалық дүкенінің ресми ашылуы Алматының Aport Mall East сауда орталығында өтті. Салтанатты рәсімге келгендер аталған компанияның өнімдерін енді тікелей жеткізушінің өзінен алуға болатынына дән риза.

«Алматы қаласы – Қазақстанның цифрлық астанасы іспеттес. Мұнда инновациялық технологиялар қарқынды дамып келеді, оны жоғары бағалайтын белсенді жастар да көп. Ал Xiaomi компаниясы – заманауи өнімдерді шығарып қана қоймай, оларды барынша қолжетімді етуге тырысады. Қазірдің өзінде Қазақстанда 5G-дің үлесі 60 пайызға жеткен, ал ақылды үйге сұраныс жыл сайын артып келеді», - деді Xiaomi өңірлік директоры Чуньгуан Ма.

Салтанатты рәсімге Xiaomi пайдаланушылары, БАҚ өкілдері мен компанияның жетекшілері қатысты. Өңірлік директор Чуньгуан Маның айтуынша, фирмалық дүкен тұтынушылар мен бренд арасында тікелей, әрі тығыз байланыс орнататын бірегей алаңға айналмақ. 

«Xiaomi Store дүкенінде смарт-техниканың толық ассортиментін ұсынамыз. Олар жаһандық нарыққа сай жасалған әрі шектеулі сериямен шығарылады. Осындай арнайы демонстрациялық алаңдардың арқасында тұтынушылар жайлылықты еркін сезіне алады», - деді Xiaomi өңірлік директоры Чуньгуан Ма.

Фирмалық дүкен қала тұрғындарын ғана емес, техноиндустрия саласындағы оң өзгерістерді қалт жібермейтін жандарды да қуантты.

«Мен жұмыс бабымен түрлі мемлекетті аралаймын. Өзім т барған әрбір елде Xiaomi дүкеніне міндетті түрде кіремін. Енді, міне, Қазақстанда да ашылып жатыр екен. Бұл - керемет жаңалық! Біз үйімізде тек осы брендтің техникаларын қолданамыз. Аяқ киімнен бастап, ауа ылғалдатқышқа дейін бар», - дейді техноблогер Әлішер Ибраимжанов.

Айта кетейік, Xiaomi Store дүкенінің ресми ашылуына келгендерге арнайы ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Түрлі байқауға қатысып, сауалдарға жауап берген қонақтар мен қала тұрғындарына естелік сыйлықтар тарту етілді. Ал компания өнімдерін сатып алған тұтынушылар ұтыс ойындарына қатысты.

Аяулым Көлжігіт, Динара Сартаева, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде қосымша білім беру бойынша ваучерлік жүйе іске қосылды