Алматыда ардагерлер дала асханасынан дәм татты

09.05.2025 16:56

Әскери көрмеге заманауи үлгідегі қару-жарақ үлгілері қойылып, көпшілікке таныстырылды

Алматының Наурызбай ауданында Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған концерт, әскери көрме мен дала асханасы ерлік рухын сездіріп, көрерменге тарихпен тілдескендей әсер қалдырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Салтанатты жиын аудан әкімі Назира Асылбекқызының құттықтауымен басталды. Ол Жеңістің адамзат тарихындағы маңызын атап өтіп, майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне алғыс білдірді. Ал сахна төрінде патриоттық әндер әуелеп, шекара қызметінің кинологтары мен жауынгерлері ерлікке құрмет білдіретін арнайы қойылым көрсетті.

 «Қарулы күштер, әскерилер келіп, өнерін көрсетіп, соңғы жетістіктерін айтып жатыр. Бұл іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа, жастарға Ұлы Отан Соғысындағы жеңістің қалай келгенін насихаттау», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова.

Мереке аясында ұйымдастырылған әскери көрме де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Онда заманауи үлгідегі қару-жарақ үлгілері қойылып, көпшілікке таныстырылды. Ал алаңда арнайы құрылған дала асханасында жауынгерлік ботқа дайындалып, көпшілікке таратылды.

«Алматы департамент Қарасай шекара басқармасының әскери қызметшілерімен Ұлы Отан соғысы қатысушыларына далалық асханадан 300 адамға қара құмықтан тамақ пісіріп жатыр. Қара құмық ҚР ҰҚК комитеті төрағасының 38-бұйрығына сай, дайындалады. Еліміздің аспаны ашық, тыныш болуына тілектеспіз!» – деді ҚР ҰҚК ШҚ Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай шекара басқармасы тыл бөлімінің бастығы Саят Мұқашев.

Айта кетейік, Наурызбай ауданында бүгінде 550-ден астам ардагер тұрады. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының және Даманск оқиғасының ардагері бар. Сонымен қатар биыл 189 адамға Президент атынан 80 жылдыққа арналған арнайы медальдар табысталған. Бұл – елге жасаған еңбектің лайықты бағасы.

Мәди Мәлік. Ялкунжан Әшімжанұлы

Оқи отырыңыз: Соғыс үйірлі жаннан мені жалғыз қалдырып кетті - Ізбай Әтейбекұлы