Алматыда азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 122 кәсіпорын жауапкершілікке тартылды

13.02.2026 21:27

15 пайыздық сауда үстемесін негізсіз асыру, сондай-ақ тауар құнын көрсетпеу сынды деректер әшкереленді

Биыл Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын көтеріп, талапты сақтамаған 122 кәсіпорын жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv

15 пайыздық сауда үстемесін негізсіз асыру, сондай-ақ тауар құнын көрсетпеу сынды деректер әшкереленді

Бостандық ауданы әкімі мен Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері қаладағы бірнеше сауда нүктесін аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнына көз жүгіртіп қайтты. Мақсат – баға белгілеу саясатына сүйеніп, делдалдық схемалар мен негізсіз өсімді болдырмау. Былтыр бұл бағытта Сауда департаменті 24 кешенді тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 600-ге жуық кәсіпкерлік субъектісіне 46 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.

«2025 жылы аймақтық комиссияның 24-отырысының қорытындысы бойынша жауапқа тартылған кәсіпкерлер 46 миллион теңгеден аса айыппұл арқалады. Біз бұл жұмысты жергілікті атқарушы органдармен бірге жүргізіп келеміз. Бағаның тұрақтылығын қатаң бақылауда ұстаймыз, қандай да бір заңбұзушылық анықталса, бірден шара қолданамыз», – деді Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Геннадий Данияров.

Әлеуметтік маңызы бар 31 атаулы азық-түліктің бағасын қадағалау арқылы халықтың күнделікті тұтынатын тауарлар құнын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді. Бұған қатысты қала тұрғындарының да ойын білдік.

«Жоқ, онша өсім байқалмайды. Кейде түсініксіз болып тұрады. Бір апатаға жалғыз адамға 50-60 мың теңге кетеді».

«Үлкен супермаркеттерде әлдеқайда арзан. Үйіміздің жанындағы дүкендер мен дүңгіршектерде бағаны көтермелейді. Негізі баға тұрақты, өсім байқамадым».

«Нанның бағасы құбылып тұрады. Ең арзаны 150 теңге,  300 теңгеге көтеріледі. Азық-түлік сатып аларда бірнеше жерді салыстырамын»

Бүгінде жауапты департамент өкілдері баға қалыптастыру тізбегі толық сараланып, делдалдармен тығыз байланыс орнатылып, артық үстеме қосуға жол бермеу шаралары қолға алынғанын айтып отыр. Кәсіпкерлермен де түсіндіру жұмыстары қатар жүргізілуде.

Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов

Оқи отырыңыз: Жауапты міндет: Алматыда жергілікті атқарушы органдары қызметкерлерінің жиыны өтті