Алматыда балалар ауруларын ерте анықтау мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті
Конференция жұмысына Қазақстанның және Австрия, Беларусь, Ұлыбритания, Венгрия, Дания, Израиль, Қырғызстан және Ресейдің жетекші ғалымдар қатысты
Алматыда «Баланың денсаулығы мен дамуы: балалар жасындағы ауруларды ерте анықтау және араласудың заманауи тәсілдері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Конференция жұмысына Қазақстанның және Австрия, Беларусь, Ұлыбритания, Венгрия, Дания, Израиль, Қырғызстан және Ресейдің жетекші ғалымдары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері мен сарапшылары, педиатрия және балалар хирургиясы саласының мамандары, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету саласының сарапшылары қатысты.
Екі күндік конференция жұмысында балалар жасындағы ауруларды ерте анықтау, диагностикалау, емдеу және алдын алудың заманауи тәсілдері ұсынылып, педиатриялық қызметті жетілдіру, медицина кадрларын даярлау, ғылым мен білімді дамыту мәселелері талқыланды.
Қазақстандық және шетелдік мамандар арасында кәсіби тәжірибе алмасу мақсатында педиатрия, балалар хирургиясы, балалар жасындағы ауруларды ерте анықтау және ерте араласу мәселелері бойынша 7 шеберлік сағаты мен семинар өткізілді.
Бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінен 800-ден астам маман аталған шеберлік сағаттарына қатысып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Конференция гибридті форматта өтуде. Бұл өз кезегінде медицина мамандарының кең ауқымына іс-шараға қатысуға мүмкіндік береді.
Мұндай деңгейдегі іс-шаралар медицина мамандарының кәсіби біліктіліктерін арттыруға, балалар жасындағы ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи халықаралық тәсілдерімен танысуға және озық тәжірибемен алмасуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады