Алматыда балалар контентінің сапасы талқыланды

Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда баланың ақпаратты тұтыну мәдениетін қалыптастыру ерекше маңызды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда балалар контентінің сапасы мен медиасауаттылықты арттыру мәселелері талқыланды. Қалалық кітапханалардың бірінде өткен жиынға балалар басылымдарының бас редакторлары, жазушылар, журналистер мен сала мамандары жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қатысушылар қазіргі ақпарат ағынында баланың нені оқып, қандай контент тұтынатынына назар аудару маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды жас буынның қызығушылығымен ұштастыру және балалар басылымдарын жаңа медиаға бейімдеу сөз болды.

«Басылымдардың әлеуметтік желідегі парақшалары, арнайы тақырыптағы рилстар, әсіресе балалардың, жасөспірімдердің психологиялық өтпелі кезеңіндегі өзімен бетпе-бет келетін мәселелерді қалай шешеді, қандай шешімін табады деген сияқты өзекті мәселе және соны цифрлық платформада көрсету арқылы оқырманға жақын болуды негізгі мақсат етіп отырмыз», – деді «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Бағашар Тұрсынбайұлы.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда баланың ақпаратты тұтыну мәдениетін қалыптастыру ерекше маңызды. Әлеуметтік желілердегі түрлі контенттің арасында пайдалысын таңдап, жалған ақпаратты ажырата білу үшін медиасауаттылықты ерте жастан дамыту қажет. Жиналағандардың айтуынша, сапалы балалар контентін қалыптастыруға ата-ана ғана емес, журналистер, қаламгерлер мен білім беру саласының мамандары да жауапты. Дөңгелек үстелде осы бағыттағы ортақ міндеттер мен жаңа мүмкіндіктер талқыланды.

«Біз балаларда жасанды интеллекті пайдаланбау үшін «өз оқиғаңды қосып жаз» дегенді жиі айтамыз. Бала өз оқиғасын қосып жазса, оның шындығы да болады. Ал тікелей ақыл айтатын материалдардан қашып жатырмыз. Себебі оны көбіне жасанды деректің арқасында жаздырып алады. Ал өз оқиғасын жазатын болса, өзі сол материалдың кейіпкері болады. Сондықтан да онда жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндігі аз», – деді   «Ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова.

Оқи отырыңыз: Келешек мектептері: үш жылда ұлттық жоба аясында 217 білім ошағы бой көтерді