Алматыда балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған дәстүрлі жаңа жылдық шырша өтті

31.12.2025 16:30

Іс-шараға шаһардың әр ауданындағы балалар үйінен келген 250 бүлдіршін қатысты

Алматыда балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған дәстүрлі жаңа жылдық шырша өтті. Оқушылар сарайы ұйымдастырған мерекелік іс-шараға шаһардың әр ауданындағы балалар үйінен келген 250 бүлдіршін қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Достықтан туған ғажайып» атты мерекелік іс-шара салтанатты түрде жарқыраған шыршаның шамын жағудан басталды. Шаһардағы балалар үйінен арнайы шақырылған 250 балақайға жас ерекшеліктеріне сай мазмұнды бағдарлама ұсынылды. 3 пен 9 жас аралығындағы ұл-қыздарға ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен қойылым көрсетілсе, 10 мен 15 жас аралығындағы жеткіншектер үшін көңілді би кеші ұйымдастырылды.

«Алматы қаласы Оқушылар сарайы дәстүрлі түрде жыл сайын балалар үйінің тәрбиеленушілерін жыл сайын құттықтаймыз. Мақсат – балаларға көтеріңкі көңіл күй, бақытты жүзін көру. Достықты, бір-бірімен одан ары балалар достасқанын қалаймыз, көңілінен шығып, жылылықты сезінсе болғаны», – деді Оқушылар сарайы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанғали Әбдіпатта.

Мерекелік шырша кезінде әсем ән мен көңілді биден шашу шашылып, балалардың жүзін шаттыққа бөледі. Сонымен қатар жаңа жылдың басты кейіпкерлері – Аяз Ата мен Ақшақар балақайлармен бірге шыршаны айналды.

«Маған ұнады. Ең бақытты сәтімнің бірі – жаңа жыл кеш. Жаңа жыл ұнайды. Аяз атадан үлкен аю күтемін».

«Сіздерге, рақмет!  Жаңа жыл қатты ұнады. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!»

Салтанатты іс-шара соңында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жаңа жылдық сый-сияпаттар үлестірілді. Ойыншықтар мен тәттілерге толы тартулар бүлдіршіндердің қуанышын арттырып, мерекелік әсерді еселей түсті.

Мәди Мәлік, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Аяз Ата мен Ақшақарды үйге шақыру қызметі қанша тұрады