Жыл сайын 90 мыңнан астам адам есту қабілеті бойынша тексеріліп, бақылауға алынады
Елімізде алғаш рет балалардың есту қабілетін ерте анықтап, оны үздіксіз бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай жүйе іске қосылды. Ол Алматыдағы №5 қалалық емханада ашылған трекинг-орталықта қолжетімді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Елімізде әрбір алтыншы тұрғынның есту қабілетінде кінәрат бар. Осы мәселені ерте анықтап, науқастарды тұрақты бақылауға алу үшін Алматыда Қазақстандағы алғашқы трекинг-орталық ашылды. Сондай-ақ есту қабілеті бұзылған азаматтарды тіркейтін бірыңғай жүйе іске қосылды. Енді перзентханалар мен емханалардағы скрининг нәтижелері онлайн түрде бір орталыққа түседі.
«2006 жылы қызым туылған. Біз бір жасында ғана білдік. Құлағына сол жылы бірінші имплант қойдырдық. Мамандармен жұмыс істедік. №5 қалалық емханада трекинг орталық ашылып жатыр. Бұл – мүмкіндігі төмен, құлағы мүлде естімейтін балаларға мүмкіндік. Көмек көрсетілуде», – деді қала тұрғыны Құндыз Боранбаева.
Орталық пилоттық кезеңде-ақ өз тиімділігін көрсеткен. Мәселен биыл есту қабілетінен толық айырылған 11 бала анықталып, оларға дыбысты қайта естуге мүмкіндік беретін арнайы құрылғы орнатылған. Мамандардың айтуынша, жоба толық іске қосылса, жыл сайын 90 мыңнан астам адам есту қабілеті бойынша тексеріліп, бақылауға алынады.
«Есту қабілетінің бұзылуы туа біткен немесе кейін пайда болған түрлі аурулардан болуы мүмкін. Біз оны дер кезінде анықтап, ауыр салдардың алдын алуды көздейміз. Сол себепті жаңа жүйе іске қосылды. Алғашында пилоттық кезеңде үш перзентханамен жұмыс жүргізіп, оң нәтижеге қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз – бұл тәжірибені еліміздің барлық өңіріне енгізу», – деді № 5 қалалық клиникалық ауруханасының сурдолог дәрігері Гүлзира Хамитова
Айта кетейік, жыл басынан бері №5 қалалық клиникалық ауруханада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында балалар мен ересектерге есту қабілетін қалпына келтіруге бағытталған 200-ден астам ота жасалды. Сондай-ақ 400-ден астам науқас есту аппаратын алу үшін тиісті жолдамаға ие болды.
Мәди Мәлік. Хангелді Ахметханов
Оқи отырыңыз: Алматыда Recycle Бірге акциясы аясында 430 сынапты шам жиналды