Бес гектар аумақты алып жатқан бақта қазір 550 түп алма ағашы өсіп тұр
Климаты құрғақ, топырағы тұзды Атырау өңірінде алма бағын өсіріп, отандық өнімнің үлесін арттыру оңай емес. Бірақ жергілікті шаруалар табиғаттың тілін тауып, жазы жайлы жердің жемісін осында жерсіндірген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
5 гектар аумақты алып жатқан бақта қазір 550 түп алма ағашы өсіп тұр. Мұнда оның 7 түрлі сорты бар. Бағбан Мұрат Халықов бұл істі 2003 жылы қолға алған. Содан бері алма бағы жыл сайын жайқалып өсіп, тұрғындарды жергілікті өніммен қамтамасыз етіп отыр. Бағбанның ата-анасы да мұнда 30 жыл еңбек еткен екен. Әке жолын қуған Мұрат Халықов бір кездері қараусыз қалған алма бағын қайта жандандырған.
«Әкеңнен мал қалғанша, тал қалсын» деген бар ғой. Алматы апорттың үш сорты бар. Семеренко, бурхард, ренет деген алма бар. Олар да шілде, тамызда піседі. «Арық сөйлеп, семіз шық» дейді ғой, күзде 4-5 тонна өнім алатын болармын», – деді бағбан Мұрат Халықов.
Алма бақтың өнімдері негізінен Атыраудағы дүкен сөрелерінде сатылып кетеді екен. Мұрат Халықов қазір бағбандықтың қыр-сырын балаларына үйретіп жүр.
Айта кетейік, аймақта егін жинау науқаны басталып кетті. Бүгінге дейін 10 мың гектарға егілген жаздық көкөніс пен 2 мың гектарға егілген бақша дақылдары жиналды.
«Нәтижесінде 17450 тонна жаздық көкөніс, 63 тонна картоп, 7394 тонна бақша өнімі және 5488 тонна мал азықтық өнім алынды. Егін жинау жұмыстары барлық аудандарда кезең-кезеңімен жалғасуда. Сондай-ақ азық түлікті қамтамасыз ету бағытында жұмыстары жүргізіледі. Облыс 10 өнім бойынша қажеттілігін 100 пайыздан жоғары қамтамасыз етеді», – деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы Ақтілек Нұроллаева.
Қазір жергілікті өнімге сұраныс жоғары. Шаруалар алмадан бөлек, өзге де жеміс-жидектің түрін көбейтуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Атырауда жергілікті өнімге сұраныс 8,4 пайыз өскен.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Елорданың Орталық саябағында тәртіп пен тазалықты сақтау бойынша кезекті рейд өтті