Бұл – Орталық Азиядағы халықаралық деңгейдегі алғашқы балалар ғылым музейі
Алматыда балаларға арналған ғылыми музей ашылмақ. Бүгін Ұлттық ғылым академиясында жаңа интерактивті жобаның таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, бұл – Орталық Азиядағы халықаралық деңгейдегі алғашқы балалар ғылым музейі. Жоба мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Ғылым жылы» шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Нысанның жалпы аумағы шамамен 27 мың шаршы метрді құрайды, ал жылына келетіндердің саны 560 мың адамнан асады деп жоспарланып отыр. Бұл музей балаларды ерте жастан ғылымға бейімдеп, ел әлеуетін дамытуға бағытталған стратегиялық мемлекеттік бастама ретінде іске асуда. Сонымен қатар студенттер мен жас мамандарды ғылыми гид ретінде жұмысқа тарту да көзделіп отыр. Жаңа нысан биыл қолданысқа берілмек.
«Музейде балабақшаға баратын бүлдіршіндерге арналған үш негізгі бөлім бар. Бұл аймақта ойындар жеңілдеу, ғылыми мазмұн кішкентай балаларға лайық құрастырылған. Ал басқа аймақтар мектеп оқушыларына арналған, олар орта жастағы және жоғары сынып оқушылары деп бөлінеді. Сонымен қатар музейімізде тәжірибе жасауға және жобалар әзірлеуге арналған 8 ғылыми зертхана болады. Келешекте музей түлектері өз ғылыми жобаларымен халықаралық жарыстарда бақ сынайды деп үміттенеміз», – деді Алматы балалар ғылыми музейінің білім беру, көрме және ғылым жөніндегі директоры Дана Шаяхмет
«Негізгі музейдің символы алма боп есептеледі. Неге? Өйткені, біріншіден Алматы қаласында ашылайын деп жатыр. Екіншіден, бәріміз білеміз, баршамызға мәлім, ғылым тарихымызда алманың рөлі өте үлкен. Өйткені соның негізінде Ньютон ғылымда тартылыс заңын ашқан. Сол себепті бұл бір ғылымның негізгі бір жаһандануына рөл атқарған нүкте боп есептелінеді. Музейде өте үлкен интерактивті аймақтар болады. Ұлы жібек жолының ғылыми мұрасынан бастап ғарыш, табиғат, жаңа технологиялар, жасанды интеллектке байланысты әртүрлі балаларға зоналар болады», – деді ¤Алматы балалар ғылыми музейінің білім бағдарламаларын құрастырушы Жазира Жөндербек.
Оқи отырыңыз: Алматыда өткен зияткерлік дода ТМД елдерін біріктірді