Маңызды басқосуда саладағы заңнама талаптарының сақталуы сөз болды
«Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын айрықша назарда ұстап, құқықбұзушылықтардың алдын алу – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе». Оқу жылының аяқталуына қатысты білім басқармасы ұйымдастырған кеңесте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов осылай деді. Маңызды басқосуда саладағы заңнама талаптарының сақталуы сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ білім сапасын бақылау, оқу ордаларындағы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды ұстану және бюджет қаражатын тиімді пайдалану сынды тақырыптар талқыға түсті. Одан бөлек, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі қаралды.
«Алқа қаулысының нәтижесі бойынша бүгінгі қаралған мәселелердің нәтижесінде нақты тапсырмалар беріледі. Яғни, балалардың құқықбұзушылығының алдын-алу, сонымен қатар жаңағы қаржылық тәртіпті сақтау, санитариялық талаптарды орындау бойынша нақты тапсырмалар беріледі. Сол бойынша қаулы қабылданады», – деді қалалық Білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Сандуғаш Әтейбек.
Сондай-ақ кеңес аясында қаланың білім беру саласындағы жетістіктерін паш ететін көрме ұйымдастырылды. Онда оқушылардың тың жобалары, білім беру ұйымдарының үздік тәжірибелері мен нәтижелері таныстырылды. Іс-шараға уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері, мектепке дейінгі ұйымдардың, жалпы білім беретін оқу ошақтарының, қосымша білім беру ұйымдарының, мектеп-интернаттардың, колледждердің және ведомстволық орталықтардың басшылары қатысты.
Оқи отырыңыз: Астанада электр энергиясының бағасы қымбаттайды