Жолдағы қауіпсіздік: Алматыда коммуналдық қызметкерлер көше тазалығын тәулік бойы бақылауда ұстап отыр

11.03.2026 18:56

Бұл шаруаға 75 жедел бригада, 2710 жол саласы жұмысшы мен 1225 арнайы техника жұмылдырылды

Алматыда бір түнде 27 сантиметрге дейін қар жауды. Ақ ұлпа кеше кешке басталды. Жолдағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында жедел бригадалар жылдам жұмысқа кіріскен. 200-ден аса сыпыру техникасы көктайғаққа қарсы материалдарды сеуіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Жұрт көктемнен көрік күтіп жүргенде табиғат тосын мінезін көрсетті. Кеше жаңбыр жауып, арты қалың қарға ұласты. Коммуналдық қызмет жапалақтап жауған ақ ұлпаны тазалау үшін бірден іске кірісті. Бұл шаруаға 75 жедел бригада, 2710 жол саласы жұмысшы мен 1225 арнайы техника жұмылдырылды. Ал көктайғақтың алдын алу үшін 200-ден астам сыпыру құрылғылары тартылды. Бұдан соң техникалар 28 колоннаға біріктіріліп, магистральды көшелерді тазартуға кірісті. Оған қоса, жұмысшылар жаяу жүргіншілер жолын, аялдамалар мен жерүсті өткелдерін жинастырып жатыр.

Бүгін коммуналды қызметкерлердің шаруасы қызып, қар күреу жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Қазір мұнда 15 жұмысшы саябақтағы жаяу жүргіншілер жолы мен орындықтарды тазалау үстінде. Бұдан кейін арнайы техника жолға тұз сеуіп, қауіпсіздікті арттырады. Ал мұз еріген соң көлік құралы тротуарды сыпырып өтеді.

«Қар жауғаннан бастап көшенің, магистральды жолдардың, тротуарлардың үш рет тұз сеуіп, үш рет тазаладық, сыпырдық. Жолдың бойына қоятын машиналар тротуарларда самокаттар, мопедтер көп қиындық туғызады», – деді «Алматы тазалық» ШЖҚ МКК өкілі Қуат Нұрланқұлов

Айта кетейік, түннен бері шамамен 27 сантиметр ақ мамық түскен. Бүгін кешқұрым да кей жерлерде қалың қар күтіледі. «Мамандардың айтуынша,  қаланың таулы аймақтарын, яғни Шымбұлақ, Іле-Алатау бөктеріндегі Үлкен Алматы көлі маңы мен басқа биік нүктелерді ақ ұлпа басып қалуы да мүмкін.

«12–13 наурызда Алматыда ауа райы құбылмалы, жауын жаумайды. Дегенмен, кей жерлерді тұман басып, жолда көктайғақ болуы мүмкін. Наурыз айында мүндай ауа райы Алматы үшін қалыпты болмақ. Бұл кезеңде температура құбылып, аяқ асты қарда  жауады», – деді  «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.

 Коммуналдық қызметкерлер көше мен жолдың тазалығын тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Ал синоптиктер алдағы күндері мегаполисте күн жылиды деп топшылады. Осы айдың екінші жартысынан бастап сынап бағанасы түнде +5-+10 градусқа, ал күндіз +15-+20 градусқа дейін көтеріледі деген болжам бар.

Айдана Шалқар, Әмина Үсенова, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Толассыз жауған қар: Шымкенттегі көпқабатты үйлердің жертөлесі көлге айналып жатыр

Теги: қар Алматы