Референдумға дейін:
2
күн
3
сағат
17
минут

Толассыз жауған қар: Шымкенттегі көпқабатты үйлердің жертөлесі көлге айналып жатыр

Әкімдік өкілдері судың сырттан келетін құбырлар арқылы өткенін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Толассыз жауған қар мен жаңбыр салдарынан Шымкенттегі көпқабатты үйлердің жертөлесі көлге айналып жатыр. Еріген қар суы тіпті лифті шахталарына дейін жетіп, тұрғындарды әбден әбігерге салған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Көлге айналған жертөлені коммуналдық қызметкерлер түннен бері тазалап жатыр. Дегенмен сорылған судың орны әлі кеппеген. Еден дымқыл тартып тұр. Тұрғындар «жаңбыр жауып, қар еріген сайын көрген күніміз осы» деп ашынып отыр.

«Cу жеделсатыға дейін барған. Жыл сайын осындай жағдай қайталанады», – деді қала тұрғыны Әзілхан Бектұрғанов.  

«Осының бәрін түнімен тазалап шықты. Сіздер келгенге тазалап тастайды. Құрғатып, түк көрсетпеуге тырысады. Су ағып, үйдің төбесі түсіп жатыр», – деді қала тұрғыны Баян Иматова.

Сырттан сарқырап аққан су лифтіні ақыры бұзып тынған. Салдарынан жоғары қабатта тұратын жұрт үшін далаға шығу мұңға айналыпты.

«Қиын болып жатыр. Өте қиын. Міне, аяғына операция жасалған. Зорға түсіп, шығады. Лифт істемеген соң, 9-этаждан түсіп, шыға бермеймін. Анда-санда бір түспесем», – деді қала тұрғыны ¤Әбдімәлік Мырзақұлов.

Ал әкімдік өкілдері судың сырттан келетін құбырлар арқылы өткенін айтады. Бірақ келтірілген шығын көлемі әзірге белгісіз. Шенеуніктер қанша аумақты су басқанын да нақтылай алмады.

«Сырттан магистралды-инженерлік жүйелердің кіру айналысынан су өткен. Лотоктардың ішіне жиналған. Барлығы қазіргі таңда ретке келтірілген. Ол бойынша атқаратын іс-шарамыз дайын, бекітілді. Ауа райының қолайлы кезінде қосымша құдық орнатамыз», – деді қалалық Құрылыс басқармасының бөлім басшысы Мақсат Мейманәлиев.

Айта кетейік, тұрғындар бұл үйге үш жыл бұрын ғана көшіп келген. Көпшілігі пәтерін 20 жылға несиеге алған. Ай сайын қомақты қаржы төлеп отырған халық мәселені тез арада шешіп беруді талап етіп отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков

Оқи отырыңыз: Алаяқтардың сыбайласы ма: Қостанайда тұрғыннан 400 SIM-карта табылды

Новости партнеров