Наурызбай ауданында бой көтерген мектепке дейінгі жаңа ұйым 240 балаға шақталған
Алматыда тағы бір бөбекжайдың құрылысы аяқталды. Наурызбай ауданында бой көтерген мектепке дейінгі жаңа ұйым 240 балаға шақталған. Жаңа әлеуметтік нысан балабақша кезегін азайтып қана қоймай, 40-тан астам маманды тұрақты жұмыспен қамтымақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бүлдіршіндердің жан-жақты дамып, шығармашылық әлеуеті мен ой-өрісін жетілдіруіне толық жағдай жасалған. Балғындар негізгі тәрбие үрдісінен тыс уақытта гимнастика, музыка және би үйірмелеріне қатыса алады. Екі қабатты нысан лифтімен және толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Ғимараттың құрылыс сапасы мен қауіпсіздік шараларына баса назар аударылған. Балабақша жақын уақытта пайдалануға беріледі.
«Болашақ ұрпақтың тәрбиесі балабақшадан басталады. Сол себепті басқарма тарапынан құрылыс барысы басынан аяғына дейін жіті бақыланды. Ғимараттың ішкі-сыртқы инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай етіп салынды. Қазіргі таңда балабақшада құрылыс толық аяқталды, қолданысқа беруге дайын», – деді Құрылыс басқармасы құрылыс бөлімінің басшысы Нұрбек Жақсыбаев.
Оқи отырыңыз: Алатау ауданында мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті