Алматыда бөтелке қақпағынан саябаққа арналған жабдықтар жасалды

05.06.2026 16:03

Аллеяны жасау үшін жалпы салмағы шамамен 250 келі болатын 120 мыңнан аса пластик қақпақша жиналған

Алматыда 120 мыңнан аса бөтелке қақпағынан саябаққа арналған жабдықтар жасалды. Экологтар мен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Бостандық ауданындағы «Оңтүстік» паркінде қайта өңделген пластиктерден дайындалған орындықтар аллеясы ашылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Аллеяны жасау үшін жалпы салмағы шамамен 250 келі болатын 120 мыңнан аса пластик қақпақша жиналған. Бұл бастамаға жеткіншектердің қосқан үлесі зор. Себебі олардың барлығын мектеп оқушылары «Мейірімді қақпақша» экологиялық жобасы аясында іріктеген. Нәтижесінде олар сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберіліп, 11 орындық дайындалды. Оларды жасауға ақ және сары қақпақшалар қолданылған. Экобелсенділердің айтуынша, бұл – қала тұрғындары мен оқушылардың, еріктілер мен серіктес ұйымдардың бірлескен еңбегінің жемісі.

«Басты мақсат – сандық көрсеткіш емес, қалдықтарды қайта өңдеп, қажетті зат шығаруға болатынын іс жүзінде көрсету. Өйткені қалдықтардың қайта жанданып, қандай өнімге айналғанын көзбен көрмесе, сену қиын. Біз әртүрлі форматтарды сынап, қай жерде қандай тәсіл тиімді жұмыс істейтінін зерттеп келеміз. Өйткені әр аудан тұрғындарының экологиялық мәдениеті мен белсенділігі әртүрлі. Осындай жобалар арқылы адамдардың қалдықтарды бөлек жинауға деген көзқарасын өзгертуге және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып жатырмыз», – деді  «Eco Network» жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов.

Қоршаған ортаны қоқыспен ластаудың орнына, табиғатқа пайдасы тиетін жобаға мыңдаған адам атсалысқан. Нәтижесінде қақпақшалардан жасалған орындықтар саябақтың маңызды бөлігіне айналды.

«Аллеяның ашылуына үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз. Міне, жаздың аптап ыстығында кез келген адам осында келіп, жайлы орындықтарда отырып, кітап оқып, ағаш көлеңкесінде демалып, таза ауамен тыныстай алады. Мұндай жобалардың маңызы өте зор. Бұл тек тұрғындар үшін емес, бизнес өкілдері үшін де маңызды. Әр кәсіпорын қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін сезініп, осындай игі бастамаларға атсалысуы керек», – деді кәсіпкер Кирилл Кулешов.

 Сондай-ақ аллея кіреберісіне пластик бөтелкелер мен алюминий құтыларды жинауға арналған алма пішініндегі арнайы тор қойылды. Оның ішіне мыңға жуық бөтелке сияды екен. Оны күтіп ұстап, қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін насихаттауға жақын маңдағы университеттердің студенттері жауапты болмақ. Осы саябақта жиі демалатын қала тұрғындары жаңа өзгерістерді бағалады..

«Алматы қаласында бастамалардың жарық көріп жатқанына, қолға алынып жатқанына өте қуаныштымын. Себебі қалалық жерлерде табиғаттың қауіпсіздігі, табиғаттың жағдайы көп тұрғынды алаңдатпайды. Көпшілік орын болғандықтан саябақтарда адамдар өздерінен кейін қоқыс тастап кетеді немесе тағы да басқа табиғатқа зиянды әрекет жасауы мүмкін», – деді қала тұрғыны Жалын Сейдіғалымова.

«Бұл жоба тек Алматы үшін емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды деп ойлаймын. Өйткені мұндай бастамалар қаламызды таза әрі жайлы етуге көмектеседі. Саябақ кіреберісіндегі алма пішініндегі арнайы торға пластик бөтелкелер мен қақпақтарды жинауға болады екен. Бұл – адамдарға қалдықтарды сұрыптаудың маңызын түсіндіретін жақсы құрал. Мұндай жақсы әдетті ініме үйретіп жүрмін. Өйткені табиғатқа жанашырлық пен жауапкершілік бала кезден қалыптасуы керек», – деді қала тұрғыны Аружан Ауыпбаева

Пластиктен жасалған орындықтар – тек қала көркі емес, табиғатқа деген жауапкершіліктің көрінісі. Мұндай игі бастамалар әрі қарай да жалғасын табады. Өйткені бұл тұрғындардың қалдықтарды сұрыптауға деген көзқарасын өзгертуге ерекше ықпал етпек.

Айдана Шалқар, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Qamqor sos: Қонаевта цифрлық жедел медициналық көмек пункті іске қосылды