Қазақстанда экотуризм мен агротуризмге сұраныс артып келеді

05.06.2026 16:17

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні: экотуризм, агротуризм және табиғатқа ұқыпты көзқарас
 

Аlmaty.tv

5 маусым – табиғатты қорғау мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың маңыздылығына қоғам назарын аударуға арналған халықаралық күн, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынща, Қазақстанда экологиялық туризмді дамытуға зор әлеует бар. Бүгінде елімізде 14 мемлекеттік ұлттық табиғи парк жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша парктерге 3,7 миллионнан астам адам келген.

Экотуризм – туристік саланы дамытудың басым бағыттарының бірі. Ол табиғи аумақтарды сақтауға, өңірлердің дамуына және жергілікті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді.

Экотуризмді дамыту аясында 2021 жылдан бастап Kazakh Tourism ұлттық компаниясы қонақ үйлерді (guest house) ашу және басқару бойынша оқыту бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда бағдарлама 10 өңірдегі 24 елдімекенді қамтыды.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы туристік инфрақұрылым сапасын арттыру мақсатында елімізде 31 визит-орталық жұмыс істейді. Олардың қатарында Бурабай, Іле-Алатауы, Шарын, Алтын-Емел және Катонқарағай ұлттық парктері бар. Сонымен қатар экологиялық соқпақтар, демалыс аймақтары және экологиялық орналастыру нысандары дамытылып жатыр.

Туризмді жергілікті қауымдастықтар негізінде дамытудың табысты үлгілерінің бірі – Алматы облысындағы Саты ауылы. Ауыл 2023 жылы БҰҰ Туризм ұйымының Best Tourism Villages халықаралық марапатына ие болды.

Агротуризм саласында да оң динамика байқалады. 2020 жылдан бері Kazakh Tourism ауыл тұрғындарын оқыту және әлеуетті агротуристік нысандарды анықтау жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта агротуризм бойынша кіріспе курстар 9 өңірдегі 50-ден астам елді мекенді қамтыған.

Туризм және спорт министрлігі экологиялық және агротуризм бағыттарын дамыту жұмыстарын жалғастырады. Бұл бастамалар табиғи мұраны сақтауға, өңірлердің туристік тартымдылығын арттыруға және жергілікті қауымдастықтарды қолдауға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік қызметке кіру тәртібі жеңілдеді