Алматыда былтыр 17 мың кәсіпкердің құқығы қорғалды

16.04.2026 15:56

Маңызды міндет жаңа Ата Заңда айшықталып, бұл шаруа жауаптыларға жүктелген

Алматыда кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Маңызды міндет жаңа Ата Заңда айшықталып, бұл шаруа жауаптыларға жүктелген. Сарапшылардың айтуынша, аталған өзгеріс елдегі бизнес ахуалды жақсартып, инвестициялық тартымдылықты арттырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Конституциядағы өзгерістер кәсіпкерлер үшін тұрақты әрі ашық құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірі осындай. Айтуларынша, бұл өз кезегінде бизнесті дамытып қана қоймай, елдегі экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға ықпал етеді. Өйткені жөн-жосықсыз тексерулер азайып, қысым кемиді. Нәтижесінде, экономикалық еркіндік күшейген жерде жұмыс орындарының саны да көбейеді.

«Қазақстан бойынша кәсіпкерлерге үлкен жол ашылды. Кәсіп ашамын десеңіз, оны қолдайды. Банктен өсімсіз қолдау ақшасы да бар, өйткені кәсіпкер алатын станоктардың белгілі бір процентін Үкімет көтереді. Бұның өзі заң алдында кәсіпкерлерді қорғау деп есептесек болады», деді кәсіпкер Долқұнтай Абдулхалил.

Алматыдағы кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, мегаполисте былтыр 17 мың кәсіпкердің құқығы қорғалыпты. 100-ден астам заңсыз нұсқама және профилактикалық бақылау нәтижесі жойылып, лауазымды тұлғалар жауапқа тартылған. Мұндай жүйелі шаралардың нәтижесінде бизнеске түсетін әкімшілік қысым едәуір азаймақ.

«Біздің негізгі жұмысымыздың бірі - бұл кәсіпкерлерді сотта қорғау. Біз жалпы 20 шақты сот отырысына қатысып, кәсіпкерлердің 200 миллион теңгеге жуық құқығын қорғадық. Сонымен қатар 4 әкімшілік іс біздің араласуымызбен тоқтатылды. Бұл -2025 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіштер», - деді  Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Еркебұлан Бейімбет.

Сондай-ақ Конституциядағы өзгерістерге сәйкес, жеке меншік те, мемлекеттік меншік те бірдей деңгейде қорғалады. Бұл меншік иелерінің құқықтары заң алдында тең екенін білдіреді. Демек, мүлікке қатысты дауларда әділ шешім қабылдау тетіктері күшейіп, экономиканың тұрақтылығы артады.

 Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Борышкер: Түркістанда алимент бойынша берешек 1 миллиард теңгеден асқан