Қала әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары кезінде құрылыс алаңына барып, нысанның қазіргі жағдайымен танысты
Алматыда цифрлық мүмкіндіктерді кеңейтетін жаңа деректер орталығы бой көтереді. Мұнда еліміздегі корпоративтік және жеке тұтынушылардың ақпаратын сақтап, өңдеуге қажетті заманауи технологиялық база қалыптастырылады. Қала әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары кезінде құрылыс алаңына барып, нысанның қазіргі жағдайымен танысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Мамандар орталықтың техникалық мүмкіндіктері мен инженерлік шешімдері жайлы баяндады. Құрылыс жұмыстары биыл сәуірде басталған. Нысан 2027 жылдың маусымында пайдалануға берілмек. Орталықта 480 телекоммуникациялық сөре орнатылады. Ақпараттық қуаты 7,2 мегават болса, жалпы қуаты 14,35 мегаватқа жетеді. Инженерлік жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуі үшін бірнеше деңгейлі резерв қарастырылған. Нысан іске қосылған соң 45 тұрақты жұмыс орны ашылады.
«Компанияның негізгі бағыты – жаңа өндіріс түрлерін құру және дамыту. Атап айтқанда, электронды және медициналық өнеркәсіп, сондай-ақ IT-технологиялар саласына басымдық береміз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мұнда деректерді өңдеу орталықтарының тұтас бір кластерін қалыптастырып, осы бағыттағы инфрақұрылымды жан-жақты дамытып жатырмыз. Яғни болашақта бұл аумақта деректер орталықтары шоғырланған, цифрлық технологиялардың дамуына жол ашатын тұтас экожүйе қалыптасады», – деді «Алатау» технопаркі» ЖШС бас директоры Алмас Мәдиев.
«Бұл – Алматы өңірінің, оның ішінде Алматы қаласының цифрландыру ісін дамыту үшін маңызы зор ірі инфрақұрылымдық нысан. Орталық халықаралық Uptime Institute стандарты бойынша Tier III деңгейіне сертификатталған. Мұнда 480 серверлік сөре орналастырылады. Ең алдымен, бұл қаланы дамыту барысында туындайтын мәселелерді шешуге бағытталады», – деді компанияның президенті Мирас Қасымов.
Қала тіршілігі үшін тағы бір маңызды нысан Алатау шағын ауданында бой көтереді деп жоспарланып отыр. Мұнда аяқталмай қалған ескі құрылыстың орнына балалардың шығармашылығын шыңдап, ересектердің басын қосып, мәдени дамуына жол ашатын жоба әзірленіп жатыр. Орталықтың жоба құжаттарымен қала басшысы да танысып, қосымша ақпарат сұратты.
«Ғимаратты қайта жаңғыртып, үлкен саябақ аумағын абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл жерде бұрыннан қалыптасқан жасыл желек қоры бар. Өсімдіктерді барынша сақтап қалуға тырысамыз. Сондай-ақ түрлі үйірмелер мен шығармашылық орталықтар жұмыс істейді. Мәдени іс-шаралар, концерттер де өткізіледі. Бұл әсіресе осы маңдағы елдімекендер үшін қызықты болмақ», – деді компанияның бас ландшафт сәулетшісі Вероника Кизиева.
.Оқи отырыңыз: QAZAQ med travel: Алматыда медициналық туризм кеңсесі ашылды