Алматыда цифрлық технологиялардың көмегімен білім беру үрдісін оңтайландыру мәселелері талқыланды

19.01.2026 20:53

Конференциядағы басты тақырыптардың бірі – инклюзивті білім, эмоционалдық интеллект пен оқушының икеміне қарай дұрыс дағдыларды қалыптастыру

Алматыда цифрлық технологиялардың көмегімен білім беру үрдісін оңтайландыру мәселелері талқыланған форум өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған басқосуға мұғалімдер мен білім беру саласының сарапшылары, ғалымдар және үздік оқушылар қатысты. Жиында оқу үдерісіне нейрожелілер мен EdTech-шешімдерін енгізу, заманауи оқыту форматы мен білім беру экожүйелерін дамыту бағыттары кеңінен айтылды. Конференциядағы басты тақырыптардың бірі – инклюзивті білім, эмоционалдық интеллект пен оқушының икеміне қарай дұрыс дағдыларды қалыптастыру.

«Білім беру ортасы социотехникалық сипатқа ие. Қазір  мұғалімдердің алдында тұрған көптеген міндеттерді түрлі техникалық құралдар, соның ішінде жасанды интеллект пен цифрлық педагогика шешуге көмектесіп отыр. Ал болашақтың балалары ең алдымен креативті ойлайтын, көшбасшылық қабілеті жоғары тұлғаларды тәрбиелеуді талап етеді», – деді қоғамдық қордың өкілі Мария Көпжасарова.

Сарапшылардың айтуынша, мұғалімдердің жұмысын жасанды интеллектімен ұштастырып, цифрлық педагогика құралдарын ойлап табу маңызды қадам. Іс-шара барысында мамандар баяндамаларын оқып, кейіннен пікірталастар, интерактивті сессиялар мен практикалық кейстерді талқылау жүрді. Сонымен қатар, VR және AR технологиялары негізіндегі білім беру шешімдері ұсынылған демонстрациялық аймақтар да жұмыс істеді.

«Оқу процесінде жаңа технологияларды кеңінен қолданып жатырмыз. Мысалы, «стартап жарысы» деп аталатын цифрлық бағдарлама бар. Онда кәсіпкерлік, бизнес және жобалық менеджментке қатысты пәндер пайдаланылады. Студенттер белгілі бір командаларға бірігіп, бағдарлама арқылы берілген тапсырмалар негізінде нақты практикалық кейстерді шешеді. Бұл – тәжірибеге бағытталған тиімді әдіс», – деді бизнес мектебінің ассистент-профессоры Қайыржан Әбдіхалықов

Оқи отырыңыз: Былтыр елімізде 3 млрд теңгеден аса жалақы уақытында берілмеген

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Теги: Форум