Алматыда демалыс орындарындағы экологиялық бақылау жалғасып жатыр

Тұрғындарға табиғатқа жанашырлықпен қарау қажеттігі ескертілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Табиғат аясында демалып, соңынан қоқыс қалдырған алматылықтарға 86 мың теңгеге дейін айыппұл салынады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазір шаһардағы көпшілік жиі баратын демалыс орындарында экологиялық бақылау күшейтілді.

Сәуір айынан бері полиция қызметкерлері апта сайын рейд ұйымдастырып, нәтижесінде 327 құқықбұзушылықты анықтаған.

Сондай-ақ тұрғындарға серуеннен кейін айналаны жинап, табиғатқа жанашырлықпен қарау қажеттігі ескертілуде.

«Сәуір айынан бері 327 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2 және 505-баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ең үлкен айыппұл мөлшері – 30 айлық есептік көрсеткіш. Сондай-ақ 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы да қарастырылған», – деді қалалық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары Айтан Елеусізов.

«Биыл Алматы қаласы бойынша Экология департаменті Экология министрлігінің тапсырмасына сәйкес жедел штаб құрды. Соның нәтижесінде 13 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Аталған үйінділер бойынша 4 тексеріс жүргізілді. Ал қалған орындар бойынша тиісті әкімдіктер мен құзыретті органдарға хаттар жолданып, заңсыз қоқыс үйінділерін тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді қалалық Экология департаменті басшысының орынбасары Алмат Әлқожа.

Оқи отырыңыз: Бір QR-код барлық банкте: Қазақстанда жаңа төлем жүйесі іске қосылады