«All In» деп аталатын іс-шараға Алматы қаласы мен облысынан 40-қа жуық өнерпаз келіп, қатысты
Алматыда ерекше қажеттілігі бар балалардың қатысуымен мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«All In» деп аталатын іс-шараға Алматы қаласы мен облысынан 40-қа жуық өнерпаз келіп, қатысты. Яғни, күтімді қажет ететін жеткіншектер сахнада ән айтып, би билеп, музыкалық аспаптарда ойнады. Ата-аналардың сөзінше, мұндай концерттер балалардың өзіне деген сенімін арттырып, ортаға бейімделуіне үлкен әсер етеді.
«Менің ұлымның есімі – Нұрәли Мерейұлы, 10 жаста. Диагнозы – атипиялық аутизм ақыл-ой кемістігімен. Фортепианоға қатысқанына 6 айдай болды, алғаш рет өнер көрсеткелі тұр. Ерекше балалардың ішінде өнерлі балалар өте көп. Осы өнер арқылы балаларды жақсы бір этапқа шығарамыз деген үміттеміз, балаларға тигізетін үлесі, көмегі өте зор», – деді ата-ана Балжан Қажымұқанова.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, концерттің басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға қолдау білдіріп, қоғам назарын инклюзия мәселесіне аудару. Өйткені, елімізде арнайы білім беруді қажет ететін 237 мыңнан астам кәмелетке толмаған жас бар. Сондықтан, оларды барынша қолдаудың маңызы зор.
«Әр бала өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуге лайықты деп есептеймін. Болашақта бұл жобаны тек Алматыда емес, Қазақстанның басқа да қалаларында өткізіп, халықаралық деңгейге инклюзивті алаңға айналдыру жоспары бар. Біз ерекше балаларға тек қолдау ғана емес, үлкен сахна мен жаңа мүмкіндік және жарқын болашақ сыйлағымыз келеді», – деді ұйымдастырушы Венера Сәбит.
Оқи отырыңыз: Алматыда демалыс күнгі жәрмеңкеге қайда баруға болады