Алматыда Еркінбай Әкімқұлов тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды

15.11.2024 14:29

Қаламы қарымды жазушы бұл үйде ширек ғасыр өмір сүрген

Алматыда жазушы, журналист Еркінбай Әкімқұлов тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаламы қарымды арда азамат бұл үйде ширек ғасыр өмір сүрген. Түрлі жанрдағы 20-дан астам көркем шығарманың авторы қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосты. Журналистика саласына сіңірген еңбегі де аз емес. Салтанатты іс-шараға ақын-жазушылар, көзін көрген журналистер қатысып, біртуар тұлғаны еске алды.

"Бүгін – отбасымыз үшін ерекше күн. Әкеміз тұрған үйде мемориалды тақта ашылып жатыр. Ең алдымен, бұл шаруаны Жазушылар Одағы қолға алған. Қаламгерлердің бастамасын Журналистер одағы да қолдай кетіп, қала әкімдігіне өтінішін жеткізген. Әкемді ұмытпай, еске алғанына алғыс айтамын", – деді Е. Әкімқұловтың қызы Құралай Әкімқұлова.

"Қазақтың көрнекті жазушысы, журналист Еркінбай Әкімқұловқа ескерткіш ашып жатырмыз. Биыл өтінішіміз бойынша қалада бес тақта ашылды. Бұл – жазушыларға қала әкімдігінің ықыласы, көмегі деген сөз", – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.

Оқи отырыңыз: Алматыда мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті