Мамандар әр ғимаратты жеке-жеке зерттеуге көшкен
Жыл соңына дейін Алматының нысандары толықтай төлқұжаттандырылады. Осылайша әкімдік қаладағы ғимараттардың санағын жүргізбек. Мақсат – кез келген қоғамдық орынның көпшілікке қолжетімді және қолайлы болуын қамтамасыз ету, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғын үйдегі ескірген жеделсаты, емхананың көтеріліп түсуге ыңғайсыз баспалдағы, басы бар, аяғы жоқ жаяу жүргіншілерге арналған жолдар. Бәрі – қала тұрғындары мен қонақтарына қолайсыздық тудырып тұрған кедергілер. Осы мәселелерді анықтап, шешу үшін шаһарда нысандарды төлқұжаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Арнайы мамандар әр ғимаратты жеке-жеке зерттеуге көшкен.
«2023 жылы 7,5 нысан құжаты жасалды, былтыр екі есе көбейді. Яғни 15 мың объект. Биыл 32 500 ғимарат құжатты жасалады. Негізгі қолжетімді ортаны қалыптастыру екі түрлі жолмен жүзеге асады. Біріншісіден, төлқұжаттандыру, сосын заңнамаға сәйкес сәйкестендіру», – деді қоғамдық бірлестіктің директоры Шыңғыс Қарабаев.
Бұл тізімге емхана мен мектептен бөлек, тұрғын үйлер де қолайлылықты қамтамасыз ететін нысандар қатарында енеді. Алматыда 27 мыңнан астам тұрғын үй болса, соның басым бөлігі сонау кеңес өкіметі кезінде салынған. Бұл нысандарда мобилділігі төмен топтағы адамдарға барлық жағдай жасалмаған. Қарт кісілер, жүкті әйелдер мен уақытша сырқаты бар адамдарды айтпағанда, оңтүстік астанада 60 мыңға жуық мүгедек тұрады.
«Әлеуметтік нысандар, адамдар тұратын тұрғын үйлердің өзі бізге қолжетімсіз. Алматының әкімшілігі бағдарлама қабылдады. Жылдан жылға ыңғайлы болады еп ойлаймын», – деді Алматы мүгедектер қоғамының төрағасы Ұлан Іңкәрбеков.
Кедергісіз ортаны құру – тек қолжетімділікті қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Бұл ең бастысы бәрінің құқығы тең екенін айқындап, әр қала тұрғыны мен қонағына жайлы жағдай жасау. Ауқымды жоба 2030 жылға дейін кезек-кезеңімен жалғасатынын айта кетейік.
Асыл Махметов, Адель Акжаркенова, Алишер Ергалиұлы
Оқи отырыңыз: Тыңайтқыш-бояу шашылды: елді алаңдатқан мәселеге қатысты Медеу ауданының әкімі түсінік берді