Алматыда GITEX AI халықаралық технологиялық форумы өтеді

Мегополис екінші рет әлемдік технологиялар тоғысатын орталыққа айналмақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы екінші рет әлемдік технологиялар тоғысатын орталыққа айналады. Себебі келер жылдың маусымында шаһарда GITEX AI халықаралық технологиялық форумы өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Ауқымды іс-шара әлемнің түкпір-түкпірінен IT саласының жетекші мамандарын, инвесторлар мен ірі компаниялардың өкілдерін бір алаңға жинайды. Бұл туралы Алматыда технология саласының жетекшілері бас қосқан жабық кездесуде айтылды. Жиында алдағы форумға дайындық барысы пысықталып, еліміздің технологиялық әлеуеті талқыланды.

«Алматыға қайта келгенімізге қуаныштымыз. Қазақстан жасанды интеллект саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, әлемдік қауымдастықтың назарын аударып отыр. Биыл форумға 80-нен астам елден инвесторлар мен сарапшылар қатысты. Ал келер жылдың маусымында өтетін іс-шарада инновациялық жобаларды кеңінен таныстырып, халықаралық серіктестікті нығайтуға басымдық береміз», – деді  GITEX universe компаниясының технологиялық және цифрлық даму жөніндегі вице-президенті Билал Әл-Раис.

«Цифрлық мемлекетке айналу – еліміздің алдында тұрған міндет. Осы ретте жасанды интеллектті пайдалану, оның этикалық жақтарын қарастыру, технологияларды Қазақстанның денгейіне бейімдеу – күн тәртібіне орын алған өзекті мәселелер. Сол себепті іс-шараның Қазақстан, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы үшін өте маңызды зор деп айтуға болады», – деді  «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Айбол Арғынғазинов.

Айта кетейік, мегаполисте GITEX AI  халықаралық технологиялық форумы алғаш рет биыл мамыр айында өткен. Ауқымды іс-шараға әлемнің 60-тан астам елінен IT саласының мамандары мен сарапшылар қатысып, 300-ден астам компания озық технологиялық шешімдерін көпшілік назарына ұсынды. Ал ұйымдастырушылар келер жылғы форумның да жоғары деңгейде өтіп, ауқымы кеңейетініне сенімді.

«GITEX AI Kazakhstan – IT мамандарын, кәсіпкерлер мен стартап өкілдерін бір арнаға тоғыстыратын маңызды алаң. Мұнда жасанды интеллект саласындағы тың жобалар талқыланып, озық технологияларды қолданысқа енгізуге басымдық беріледі. Биыл мамырда өткен алғашқы форумға әлемнің әр түкпірінен қатысушылар жиналды. Ал 2027 жылдың маусымында өтетін кезекті форум тәжірибе алмасуға жол ашады», – деді Цифрландыру басқармасы халықаралық ынтымақтастық бағытының жетекшісі Дарина Мамырова.

Оқи отырыңыз: Shymbulak халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды