Биыл шаһардың 380 мың шаршы метрден астам аумағына гүл егіледі
Алматыда гүлзарлар аумағы ұлғайтылады. Биыл шаһардың 380 мың шаршы метрден астам аумағына гүл егіледі. Оның ішінде біржылдық, көпжылдық гүлдер мен бұталар және раушан гүлдері бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көктем келісімен Алматы ерекше құлпырып сала береді. Қала көшелері түрлі-түсті гүлдерге оранып, әр бұрышы көздің жауын алады. Бұл – тек табиғаттың сыйы емес, күн сайынғы тынымсыз еңбектің нәтижесі. Көктемнен бастап мамандар мыңдаған өсімдік отырғызып, қаланы нағыз гүлдер шаһарына айналдыруға тырысады.
Биыл Алматыда 387 мың шаршы метр аумақ гүлмен көмкеріледі. Өткен жылмен салыстырғанда гүлзарлар аумағы 77 пайызға ұлғаяды. 107 мың шаршы метр жерге біржылдық, ал 280 мың шаршы метр аймаққа көпжылдық гүлдер мен бұталар егіледі. Сонымен қатар 116 мың шаршы метр аумаққа раушан гүлінің тұқымы себіледі.
«Гүлзарлардың көбісін шетелден дән түрінде әкелінеді. Дән түрінде әкеліп, питомниктерге егіп, сол жақта өсіріледі. Гүлзарларға қарайтын адамдардың саны 300 адамнан асады, 100 техникадан көп қарастырылған», – деді Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы Нұркен Ақмырза.
Айта кету керек, былтыр күзде 20 мың шаршы метр жерге қызғалдақ түйнегі отырғызылған. Көктем басталысымен олар гүлдеп, қала көшелері, саябақтар мен жасыл аймақтарға көрік беріп тұр. Одан бөлек, Монте Карло, Антарктика, Армани және тағы да басқа қызғалдақ түрлері егілді. Олардың гүлдеу кезеңі сәуірден мамырдың басына дейін жалғасады. Осы уақытта шаһар ерекше түске еніп, гүл композициялары жайлы атмосфера қалыптастырады.
«Гүлдерге қарап, өзіміздің өміріміздегі қиыншылықтардың барлығын ұмытып кетеміз. Демаламыз. Гүлдердің ханшайымы болған қызғалдақ биыл ерекше көзге түсіп тұр. Көз жауын алып. Бұл экологияға да өте көп септігін тигізеді», – деді қала тұрғыны Гүлжазира Қаныбекова.
«Жүрген сайын айналадағыегілген гүлдерді көреміз. Алматы қаласында жүрген сайын көңіл-күйіміз көтеріліп жатыр», – деді қала тұрғыны Ерболат Тұрлан.
«Басқа жылдармен салыстырғанда биыл ауқымды отырғызылып жатыр. Таңертең жұмысқа бара жатқанда да, қайтқанда да байқаймын, таң атпастан жұмысшылар гүл егумен айналысып жатады», – деді қала тұрғыны Айдана Құсайынова
Маусым бойы Алматының барлық ауданында кілем тәрізді гүл композициялары орнатылып, саябақтар мен скверлердегі гүлзарлар жаңартылып отырады.
Айдана Шалқар, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматыда ірі аяқталмаған құрылыс нысаны сот шешімімен сүріліп жатыр