Қойылымды Қазақстан және Италия студенттері сахналады
Алматыда әйгілі «Пиноккио» спектаклінің премьерасы өтті. Қойылымды Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Италияның жетекші жоғары оқу орны студенттері бірлесіп сахналады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Әлемдік классиканың жаңғырған көрінісі қалың көрерменге Құдыс Қожамияров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театрында ұсынылды. «Playing Memories» халықаралық жобасын «Орталық Азия – Италия» саммитінде екі елдің мемлекет басшылары да қолдаған екен.
«Үлкен жобаға 8-ден аса жоғары оқу орны қатысып отыр. Бүгінде Шығыс Еуропа, Еуропа, Латын Америкасының бірқатар елі мен Қазақстанды қамтыған бұл жобаны ұлтаралық ынтымақтастық негізінде пайда болған үлкен шығармашылық жоба ретінде қарастыруға болады. Сондай-ақ шығармашылық тұрғыда алға басқан үлкен қадам болды», - деді Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының проректоры Шыңғыс Ергөбек.
«Біз халықаралық серіктестік негізінде қазақстандық әртістермен осы жобаны дайындадық. Пиноккио - біздің балалық шағымыздың туындысы. Негізі 19-ғасырда жарыққа шыққан. Біз дәстүрлі Пиноккио идеясын алып, 19-ғасыр музыкасы мен заманауи қимыл-би, орындаумен жаңаша серпін береміз», - деді актриса (Италия) Марика Мастромарино.
Оқи отырыңыз: Көк базарда шетелдік блогермен тілдескен оқушы тағы бір білім грантына ие болды