Жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін Алматыда 2,5 миллион ағаш отырғызу көзделіп отыр
Алматыда жаңа дендрологиялық жоспар әзірленіп, ірі ағаштарды егу ауқымы кеңейеді. Бұл туралы қаланың жасыл қорын дамыту жөніндегі жиында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Басқосуда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен қаладағы жасыл желектердің жай-күйін кешенді бағалауға бағытталған екі жылдық ғылыми жобаны жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді. Бастама аясында Алатау, Алмалы және Түрксіб аудандарында ауқымды түгендеу жұмыстары жүргізіліп, 1,5 миллионнан астам ағаштың түрі, биіктігі және санитарлық жағдайы тіркелген.
«Дендрологиялық жоспарды 2026 – 2030 жылға арналған жобаны атқарып жатырмыз. Ол – өте ауқымды жоба. Себебі Алматы қаласының 4 миллионнан астам ағаш бар. Оларды бірінші фотосуретке түсіріп, содан кейін картасын жасап, таксаторларды оқытамыз», – деді ҚАЗҰАЗУ Орман институттары кафедрасының қауымдастырылған профессоры Талғат Кертешов.
Айта кетейік, 2027 жылдан бастап көгалдандыру жұмыстары толықтай бекітілген жоспар негізінде жүргізілмек. Сонымен қатар биіктігі 5–6 метр болатын ірі ағаштарды кезең-кезеңімен отырғызуға ерекше басымдық беріледі. Жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін Алматыда 2,5 миллион ағаш отырғызу көзделіп отыр.
Оқи отырыңыз: Алматылық бүлдіршіндер қалдықтардан түрлі бұйымдар жасауда