Алматыда ірі қойма өртенді: зардап шеккендер жоқ

21.07.2025 14:35

Өрттің шығу себебі анықталуда

Алматының Жетісу ауданындағы қоймалардың бірінде өрт шықты. Жалын шарпыған аумаққа лезде жеткен сала мамандары өзге де ғимараттардағы тілсіз жаумен арпалысқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өрт шамамен сағат 9:00 шамасында басталған. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бірден оқиға орнына келіп, Жетісу ауданындағы Тобаяқов көшесінде орналасқан қоймада шыққан жалынды сөндіруге кірісті.

«Жұмыста болдық, офисте отырғанбыз. Әріптесім шығып, өрт болып жатқанын байқап қалды. Сосын жүгіріп келіп, өойманы ашып, заттарды шығаруға тырыстық, үлгермей қалдық. Өртсөндірушілер тез келді», – деді  қойма қызметкері Абылай Оразаев.

Өрттің жалпы аумағы 500 шаршы метрге жеткен. Мамандардың дерегінше, қойма  құрылысқа қажетті заттарға толы болған.

Атап өтейік, төтеншеліктер өрт шыққан аумақтағы өзге де маңызды объектілерді және басқа да қоймаларды жалыннан сақтап қалды.

«Келген уақытта қойманың ашық жануы анықталды. Жеке құрамның жедел іс-әрекетімен шығыс, батыс және солтүстік жақтағы қоймаларға өрттің таралуына жол берілмеді, Сонымен қатар оңтүстік жағында орналасқан темір жол вагондарын лезде алып тастады», – деді ТЖД бастығының бірінші орынбасары Бағдат Чайзада.

Өртті өшіруге 70-ке жуық адам, 20-дан аса техника жұмылдырылған. Ал оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Қазір жалынның неден шыққаны анықталып жатыр.

Рүстем Айткәрім, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Қытайда 247 бала қорғасыннан уланған балабақша қызметкерлері қамауға алынды