Іс-шарада ұсынылған жобалардың бірі – шетелдік жоғары оқу орнына дайындайтын платформа
Алматыда әйел кәсіпкерлерді қолдауға арналған форум өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іс-шара барысында алдын ала іріктеуден өткен 5 қатысушы өз жобаларын инвесторларға таныстырып, ұсынды. Пікірталас қорытындысы бойынша бір үздік бастама анықталып, оның авторына қаржылай қолдау көрсетілді. Ал өзге жас кәсіпкерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, бұл форум қатарынан 11 жыл өткізіліп келеді.
«Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бастамалар мен ауқымды жұмыстарды жүргізу өте маңызды. Себебі бұл – экономиканың қозғаушы күші. Ал әйелдер кәсіпкерлігі – бүгін біз көргендей, ерекше сала», – деді ұйымдастырушы Айнагүл Ысқақова.
«Біз әйелдердің экономикадағы рөлі өте маңызды екеніне сенеміз. Әйелдер тек орындаушы емес. Олар әділдік, адалдық және ашықтық ұғымын терең түсінеді. Бұл жолы 5 жоба ұсынылды», – деді ұйымдастырушы Гүлнәр Күренкеева.
Іс-шарада ұсынылған жобалардың бірі – шетелдік жоғары оқу орнына дайындайтын платформа. Яғни, талапкер қандай да бір мемлекетте білім алғысы келсе, қосымша арқылы емтиханға дайындалып, өзге де ақпараттар ала алады. Жүйе 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінге дейін 6 мыңнан астам түлекке көмектескен.
«Менің бастамам студенттерді әлемнің үздік университеттеріне түсуге дайындаумен және кәсіби бағдар беруге бағытталған. Біз өз өнімімізді мектептерге, оқушыларға және университеттерге ұсынамыз. Яғни, ТМД елдеріндегі жастарға ең үздік университеттерге түсуге көмектесетін әрі қаржысын үнемдеуге мүмкіндік беретін кешенді жүйе жасадық», – деді қатысушы Лаура Вайгорова.
Оқи отырыңыз: Алматыда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мемлекеттік наградалар табысталды