Оқу жаттығуға 1000-нан астам құтқарушылар мен 150 техника жұмылдырылған
Алматыда жоспарлы қалалық сейсмикалық оқу жаттығу өтті. Төтенше жағдайлар департаменті айтып келмейтін апат кезінде мектептер, колледждер, жоғару оқу орындары мен тұрғын үйлердегі халықты іс жүзінде ғимараттар мен құрылыстардан қауіпсіз орындарға көшірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бүгін қалада сейсмикалық жаттығу нысаны ретінде 20 орын жоспарланған. Соның бірі Рысқұлов даңғылы, Б. Момышұлы көшесінің батыс бағытындағы тұрғын үй кешені. Қалалық төтенше жағдайлар департаментіне шартты түрде қуаттылығы 7 баллдық жер сілкінісі болғаны жөнінде хабарлама келіп, құтқарушылар жедел қимылдап әуелі тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарды.
«Оқу жаттығу жиындарының барысында өрт қызметінің әуедегі құтқару жұмыстары жоғарыда қалған зардап шегушілерді қалай құтқарғанын көрдік. Оқу жаттығу жақсы өтті. Алматы қаласында кез келген жағдай орын алуы мүмкін. Оқу жаттығу жиындарының жиі болғаны әрбір адам үшін маңызды», – деді Еңбек қауіпсіздігі жөнніндегі инженер Рахат Бақтыбай.
Жалпы қалалық сейсмикалық жаттығуға 1000-нан астам құтқарушылар мен 150 техника жұмылдырылған. Мамандардың сөзінше зілзала кезінде тұрғындарды асхана жабдықтары, жатын орынмен керек жабдықпен қамтамасыз ететін арнайы модульдік контейнерлерді орнату бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.
«Әкімдіктің қолдауымен нысандарда модульдік контейнерлерді орнату бойынша белсенді жұмыс жасап жатырмыз. Осындай контейнердің бірі менің артымда орналасқан. Бұл контейнердің ішінде төтенше жағдайларға арналған мүліктер, жиналмалы төсектер, палаткалық жабдықтар, асхана жабдықтары, сондай-ақ дизельді генераторбар», – деді Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ануар Юсупов.
Бүгін де қаланың әр ауданында баспанасыз қалған зардап шеккен халықты қабылдау пункттері орналасқан. Бұл орындарда зілзала кезінде қажетті киім-кешек, ұзақ уақыт бұзылмай тұратын тағамдар, шатырлар мен қосымша құтқару техникалары бар. Оқу жаттығу барысында құтқарушылар халықты тұрғын үйдің жоғарғы қабатынан, үйіндінің астынан шығарып жақын маңдағы қабылдау бекетіне дейін жеткізді.
Бұл төтенше жағдай кезінде халықты қабылдау бекеті. Қала бойынша дәл осындай 386 орын бар. Қазір соның бірінде тұрмыз. Мұнда 500-ге жуық адам сияады. Әуелі зардап шеккен халықты қызметкерлер тіркеп кейіннен тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз етіп алғашқы көмек көрсетеді.
«Бұл – жаңадан салынған мектеп. Жер сілкінсе, ешқандай қауіп төнбейді адамға. Сондықтан келген адамды кеудесінен итермейміз», – деді қабылдау бекетінің бас маманы Есболат Уалиев.
Төтенше жағдайлар департаменті Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына «Жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадамды» білуге кеңес береді. Мұндай қарапайым ережелерді алдын ала білу төтенше жағдайда дұрыс әрекет етіп, қауіпсіздікті сақтауға көмектеседі.
Ербол Медетбек, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Шымкенттік оқушылар есту қабілеті нашар жандарға арнайы көзілдірік жасады