Алматыда Қазақстан мен Әзербайжан жоғары оқу орындары ректорларының II форумы өтті

06.04.2026 19:58

Алдағы үш жылда елге 100 мыңға жуық шетелдік студент тарту көзделген

Қазақстан білім экспортын стратегиялық бағыт ретінде айқындап отыр. Алдағы үш жылда елге 100 мыңға жуық шетелдік студент тарту көзделген. Бұл – ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қолға алған кешенді жоспары, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Министрлік мұны тек академиялық жетістік емес, экономикалық маңызды драйвер ретінде бағалап отыр. Қазір елде білім алып жүрген 35 мың шетелдік студент шамамен 30 миллиард теңге кіріс әкелуде. Ендігі меже – осы әлеуетті еселеп, қосдипломды бағдарламалар мен студенттік алмасу жүйесін кеңейту. Бұл мәселе Алматыда өткен халықаралық ректорлар форумында кеңінен талқыланды.

Елімізде 33 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылып, 40-қа жуық серіктестік келісім жүзеге асқан. Биыл тағы 5 білім беру кампустарын іске қосу көзделіп отыр. Ғылым және жоғары оқу министрі Саясат Нұрбек осыған орай болжам жасап, елдегі шетелдік студенттер ағыны алдағы үш жылда 100 мыңнан асуы мүмкін деп атап өтті. Бұдан бюджетке жыл сайын кемінде 30 млрд теңге пайда түспек. Сондай-ақ жоғары білім беру саласын экспорттау да қолға алынды. Кейінгі 4 жылда 5 отандық университет филлиалдары көршілес елде ашылған. Бұл бағытта көрсеткішті жаңарту – министірліктің басым бағыттарының бірі.

«Қырыққа жуық стратегиялық келісімшарттарға қол қойылды. Биыл бес үлкен кампус ашылады. Arizona State University кампусыны Алматыда, Шымкентте. Colorado school of mines тау-кен, геофизика, геология мектебі Жезқазғанда ашылады. Былтыр Cardiff университетінің үлкен кампусы Астанада ашылды. Сондықтан бұл жұмысты жалғастыру үшін көршілес елдермен бірігіп, студенттер алмасу бағдарламаны белсенді етуіміз керек»,  – деді ҚР Ғылым және жоғары оқу министрі Саясат Нұрбек.

Маңызды академиялық бастамаларды жалғап, Алматыда Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы білім саласы жаңа деңгейге көтерілді. Innotech кампусындағы форумда екі елдің ғылым және білім министрлері – Саясат Нұрбек пен Эмин Амруллаев, сондай-ақ жетекші университет басшылары қатысты. Күн тәртібінде жоғары білім беру жүйесін дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту және бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.

«Біз кейінгі жылдары жасаған ортақ жобалар мен серіктестіктің арқасында Әзірбайжандағы Қазақстаннан келген студенттен саны екі есе артты. Ал Қазақстанға оқуға кеткендер саны оң көрсеткішке жетіп отыр. Бұл тек бастамасы деп білем. Бүгінгі жиыннан кейін мүмкіндіктер одан әрі молаймақ», – деді Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев.

Форум қорытындысында бірқатар меморандумдарға қол қойылып, университеттер арасындағы әріптестік жаңа деңгейге көтерілді. Бұл келісімдер студенттер мен оқытушылар алмасуын жеңілдетіп, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға жол ашпақ. Ал Әзірбайжандық қонақтар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Study in Azerbaijan» халықаралық көрмесін ұйымдастырып, жетекші жоғары оқу орындарының мүмкіндіктерін таныстырды. Көрме аясында қазақстандық талапкерлерге гранттар мен қолайлы білім беру бағдарламалары ұсынылды.

«Бүгінге дейін біз Қазақстандық 27 университетпен серіктестік меморандумына отырдық. Бүгін тағы екеуі қосылды. Бұл үлкен мүмкіндік, біз ортақ алаңда түрлі идеяларды жүзеге асыру жолдарын ұсынып, академиялық жүйеге оң өзгерістер енгізуді талқыладық. Жұмыс жүріп жатыр. Оның нәтижесін студенттеріміз көрмек», – деді Khazar University ректоры Разия Исаева.

II Халықаралық ректорлар форумы Алматыда 2 күн қатарынан өтеді. Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, мұндай жобалар жастарға халықаралық тәжірибе жинауға жол ашып, елдегі академиялық білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Ал Әзірбайжан тарапы Қазақстанмен әріптестікті тереңдетуге қызығушылық танытып, бұл бағыттағы жобалардың болашағын жоғары бағалап отыр.

Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов

Оқи отырыңыз: Алматыда жоғары оқу орындары арасындағы ең ауқымды спорттық турнир — ALMA CUP 2026 басталады