Алматыда «Қазақстанда жасалған» деген жалған таңбамен сатылған тауар жойылды

Үш айдың ішінде мамандар 24 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда контрафактілік тауар тәркіленіп, жойылды. Тұрмыстық химия өнімдері «Қазақстанда жасалған» деген жалған таңбамен базарда сатылған. Сондай-ақ сапа және қауіпсіздік талаптары да сақталмапты. Үш айдың ішінде мамандар 24 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әділет және Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері контрафактілік тауарды тәркіледі. Тексеріс отандық өндірушінің шағымынан кейін жүргізілген. Олар нарықта дәл сондай тауардың арзан бағамен сатылып жатқанын байқап, сала мамандарына хабарлаған.

«Бұл жолғы қолдан жасалған өнім түпнұсқаға өте қатты ұқсайды. Яғни, қарапайым тұтынушы үшін айырмашылықты бірден байқау қиын. Біз өндіруші ретінде оның біздің өнім емес екенін бірден аңғарамыз. Бірақ сатып алушы үшін мұны анықтау оңай емес. Өкінішке қарай, контрафактінің нақты қайдан шыққанын анықтай алмадық. Біз тек сатылым нүктелерінен ғана анықтап отырмыз», – деді тұрмыстық химия өндіретін компанияның операциялық директоры Жібек Аманкелдина.

 Тәркіленген тауарды Әділет департаменті мамандары бірден жояды. Яғни, тексеріс нәтижесінде табылған жалған химиялық ағартқыш ұнтақты біреу пайдаланып қоймас үшін, арнайы бөшкелерге салып, үстіне сұйықтық құяды. Осылайша, тауар жарамсыз болып қалады. Ал пластик бөтелкелер мен қаптамаларын ұсақтап тастайды. Ұсақталған пластик кейін қайта өңдеуге жіберіледі.

«Қазіргі таңда отандық өнімдердің де контрафакті түрлері көбейіп кетті.ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 158-бабына сәйкес, бөтеннің тауар таңбасын заңсыз пайдалану фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Аталған құқық бұзушыларға соттың шешімімен 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды», – деді Әділет департаменті бөлімінің басшысы Еркебұлан Жетпісбаев.

Әділет департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 24 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 40 мыңнан астам контрафактілік өнім тәркіленген. Олардың жалпы құны 14 миллион теңгеден асады. Ішінде электроника, азық-түлік және тұрмыстық химия бар. Жалған өнімдерді анықтау жұмыстары әлі де жалғасады.

Аяулым Көлжігіт, Диана Тұрлыбек, Аида Иманали, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында интернет алаяқтарға алданғандар саны артты

Новости партнеров