Барлығы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды
Алматыда қоғамдық тәртіпті бұзған жасөспірімдер анықталды, - деп хабарлайды Almaty.tv ІІМ-ге сілтеме жасап.
Алматыда полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы мінез-құлық көрсету фактілерінің жолын кесті. Тексеру жүргізуге әлеуметтік желілерде таралған бейнематериалдар негіз болды. Онда бір топ жасөспірімдердің азаматтарға қатысты агрессивті әрі әдепсіз әрекеттері бейнеленген. Аталған деректер бойынша Медеу және Алмалы аудандарының полиция басқармалары тарапынан тексеру іс-шаралары жүргізіліп, кәмелетке толмағандардың жеке бастары анықталып, аумақтық полиция бөлімшелеріне жеткізілді.
Анықталғандай, жасөспірімдер көрші елдің азаматтары болып шықты. Барлық кәмелетке толмағандар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылып, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Тексеру нәтижелері бойынша олардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта әрбір дерек бойынша тексеру жалғасуда.
Қорытындысы бойынша жасөспірімдердің әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Полиция мұндай жағдайларда, ең алдымен, ата-аналар мен заңды өкілдердің жауапкершілігі жоғары болуы тиіс екенін, сондай-ақ балалардың үйден тыс уақыттағы мінез-құлқына тиісті бақылау жүргізу қажеттігін ескертеді.
Оқи отырыңыз: Алматыда екі күнде 2 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды