Алматыда қоқыс алаңы үлгілі мекенге айналды

11.08.2026 18:16
Almaty.tv

Алматының Бостандық ауданындағы қоқыс пен құрылыс қалдықтары үйілген аула бүгінде адам танымастай өзгерген. Бұл аумақтың көрікті кейіпке енуіне тұрғындардың бірлескен еңбегі себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бірнеше жыл бұрын аула бүгінгідей көрікті емес еді. Тұрғындардың сөзінше, мұнда құрылыс қалдықтары шашылып, балалар ескі, тот басқан әткеншектерде ойнайтын. Қазір өзгерген. Жайқалған жасыл желек, аумаққа көрік беріп тұрған гүлзарлар, балаларға арналған ойын алаңы мен демалыс орындары – тұрғындардың бірлесе атқарған еңбегінің нәтижесі. Ал көршілердің күш біріктіріп, бір кісідей атсалысқаны пәтер иелері кооперативінің төрағасы Рәзия Асанбекованың арқасы екен. Ол он жылдан бері ауланы ретке келтіріп, көріктендіруге білек сыбана кірісіп жүр. 

«Ауланы толықтай ретке келтірдік. Бостандық ауданының әкімдігі көп көмектесті, балалар алаңын жасап берді, асфальт төселді. Жарық мәселесін де «Алматы Жарық» компаниясы шешуге жәрдемдесті. Бұрын бұл жер қараңғы болатын. Апта сайын сенбілік өткізетінбіз. Мынау ағаштарды, шыршаларды, бұталарды да өзім сатып алып, тұрғындармен бірге отырғыздық. Бәрін бірігіп жасадық. Әрине, өз үйіміз болған соң, оны аялап, күтіп ұстауға тырысамыз. Өйткені бұл – бәріміздің ортақ үйіміз», – деді ПИК төрағасы Рәзия Асанбекова.

Рәзия Асанбекованың еңбегінің арқасында отыз жылдан астам тарихы бар үйдің ауласы ғана емес, тұрғын үйдің өзі де жаңарған. Бұған дейін су өтетін шатырлар жөнделіп, кіреберістер ретке келтірілген. Коммуникациялық желілер де кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Ал ауладағы 2 балалар алаңы түрлі жастағы бүлдіршіндерге арналған. Бірі кішкентай балалар үшін арнайы жабдықталса, екіншісінде ересектеу балалар ойнайды.  

«Бұрын ауланың ішіне көлік кіретін. Қазір әкімдіктің көмегінің арқасында балалар үшін қауіпсіз жағдай жасадық. Сондай-ақ тұрақ мәселесі өзекті еді. Бірақ бірлесе жұмыс атқарып, тұрақ аймағын жасадық», – деді қала тұрғыны Таир Тәшімбай.

  «Қазіргі уақытта Бостандық ауданында шамамен 670 аула бар. Оның шамамен 400-іне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл 52 ауланы жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама жасалып, қазір олардың сегізінде жұмыс жүріп жатыр», – деді Бостандық ауданы ТҮКШ бөлімінің бас маманы Дияр Ұзақов.

Бостандық ауданындағы өзге аулаларда да қарапайым жөндеу жұмыстары қарқын алған. Жол жабындары ретке келтіріліп, балалар және ойын алаңдары жаңарып келеді. Сондай-ақ жыл басынан бері аулаларға 500 орындық қойылған.

Гүлмарал изатқызы, Жанна Руслан, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыда LRT желісін 2027 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр

Толық көрсету