Алматыда әкелер форумы өтті

07.11.2025 19:09

Басқосуға шаһардың сегіз ауданынан тәрбие ісінің меңгерушілері мен жүз елуге жуық әке қатысты

Алматыда отбасылық құндылықтар мен рухани тәрбиеге бағытталған «Әділетті мемлекет: адал қоғам» атты әкелер форумы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Басқосуға шаһардың сегіз ауданынан тәрбие ісінің меңгерушілері мен жүз елуге жуық әке қатысты. Маңызды жиында түрлі сала өкілдері тақырыптық баяндамалар жасап, отбасы ішіндегі сыйластық мәселесін талқылады. Құқық қорғау органдарының өкілі жасөспірімдер арасындағы жиі кездесетін заңбұзушылықтар жөнінде сөз қозғаса, дін істері басқармасының маманы қоғамдағы ер азаматтың рухани рөлі туралы пікір білдірді.

«Қазақтың салт-дәстүрінде әкенің орны өте жоғары болған. Ұл бала өзінің еркек екенін, отбасын асырау керек екенін, жердің қорғаны екенін түсіндіруіміз керек. Сол кезде еркектің, ер азаматтың мәртебесі жоғары болады», – деді Қазақ билер бірлестігінің бас биі Ермек Албан.

Әкенің абыройы мен отбасы қадірін ұлықтаған жиында әуезді әннен шашу шашылып, жырдан маржан төгілді. Әкелі-балалы өнерпаздар жүрекжарды туындылар орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Айта кетейік, дәстүрге айналған әкелер форумы жылына бір рет емес, бірнеше мәрте ұйымдастырылмақ. Себебі мұндай басқосулар әкенің қоғамдағы рөлін айқындай түседі.

«Бұл семинардың негізгі мақсаты – оқушылардың бойында әділеттілікті насихаттап, қоғамдағы әділдікке көз жеткізу. Семинарға 8 ауданнан тәрбие ісінің меңгерушілері, әлеуметтік педагогтар, мектебіміздегі әкелер шақырылып отыр», – деді №157 жалпы білім беретін мектептің директоры Әсемкүл Қанапянова.

Оқи отырыңыз: Алматы хайуанаттар бағындағы жұмысшылар марапатталды