Зообақта жануарларға 280-ге жуық маман күтім жасайды
Алматы хайуанаттар бағында жан-жануарларды күтіп, баптап, бар мейірімін төгіп жүрген жұмысшылар марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл зообақтың құрылғанына 88 жыл толуына орай мекемеде талай жыл қызмет еткен мамандардың еңбегі еленді. Тарихы толымды отбасылық бақта 3 800-ден астам аң-құс мекендейді. Ал бұл жануарларға 280-ге жуық маман күтім жасайды.
«Мен зообақта 2016 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Өзіме қатты ұнайды. Жануарлармен тілдесіп, оларға көмек беремін. Жаныма жайлылық сыйлайды. Өте керемет! Әріптестерімді де құттықтаймын», – деді Алматы хайуанаттар бағының ветеринар дәрігері Алина Чимирук
Мерейтойға орай жыл басынан түрлі іс-шара ұйымдастырылып келеді. Бірі, зообақ әкімшілігі қаладағы жоғары оқу орындарының бірімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екі жақты келісімнің нәтижесінде студенттер жануарларға күтім жасаумен айналысып, саябақ маңын жүйелі түрде тазалау жұмыстарына қатысады. Мұнымен қоса, «Жануарларға сыйлық сыйла» атты қайырымдылық акциясы өткізілді. Оның аясында қала тұрғындары мен қонақтары хайуанаттар бағының жануарларына сыйлықтар мен азық-түлік әкеліп, өз қамқорлығын көрсетті.
«Кішкентай жасөспірімдерімізді де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Суреттер байқауы да жарияланған болатын. Байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Еліміздің ертең жастарды экологиялық мәдениетін арттыру, олардың жануарларға деген махаббатын, сүйіспеншлігін, мейірімділікке баулу болып табылады»,– деді Алматы хайуанаттар бағы Даму және қоғамдық байланыс бөлімінің басшысы Камшат Тұрманова.
Оқи отырыңыз: Алматыда емханаларға тіркелу науқаны аяқталды