Алматыда халықаралық жастар кемпингі ашылды

12.06.2026 16:34

Кемпингке Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген белсенді жастар қатысуда

Алматыда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің халықаралық жастар кемпингі ашылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv 

Іс-шара «Алматы – Түркі әлемінің жастар астанасы-2025» бастамасы аясында ұйымдастырылған. Кемпингке Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген белсенді жастар қатысуда. Бұл жоба жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, мәдениетаралық диологты дамытуға және тәжірибе алмасуға бағытталған.

«Алматының төрінде ашылып отқан төрт күндік лагердің стратегиялық маңызы – жастарға арналған мүмкіндік. Бір күндік іс-шаралар да жастардың жаңа идеяларын  және ынтымағын артырады. Ал 4 күндік интенсивті іс-шарада олар шешімін тауып қана қоймай, оны қалай жүргізу керек және нақты жол картасын ұйымдастыра алады», – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.

Айта кетейік, халықаралық жоба түркі жастарының өзара байланысын күшейтуге бағытталған. Төрт күндік кемпинг аясында жастар білім беру, мәдени және спорттық іс-шараларға қатысып, жаңа идеялар мен бастамаларды талқылайды.

«Ынтымақтастық аясында әр елдің жастары араласып, мол тәжірибе жинайды. Сонымен қатар олар өз елінде ұйым құрып, оның дамуына үлес қосады. Сол шағын ұйымдар болашақта Түркі мемлекеттері деңгейіндегі ауқымды іс-шараларды ұйымдастыра алады. Менің ойымша, бұл — жастар үшін ең құнды әрі пайдалы тәжірибе», – деді Әзірбайжан республикасы жастар ұйымының жетекшісі Фируза Искандарова.

Оқи отырыңыз: Алматы Түркі әлемі жастарының тәжірибе алмасу алаңына айналды