Алматыда күрделі операциялар жалпы наркозсыз-ақ жасалуы мүмкін

Ақ халаттылардың сөзінше, аймақтық анестезия жүрек-қантамыр, түсетін жүктемені азайтып, оңалту кезеңін қысқартады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда күрделі операциялар енді жалпы наркозсыз-ақ жасалуы мүмкін. Орталық қалалық клиникалық ауруханада ел аумағында алғаш рет кешенді аймақтық анестезия әдістері енгізілді. Нақты айтсақ, осы тәсіл арқылы науқасқа ояу күйде бір мезгілде бірнеше анатомиялық аймаққа операция жасауға мүмкіндік бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұрын қол мен аяқтың қатар сынуы сияқты ауыр жарақаттар кезінде науқасқа міндетті түрде жалпы анестезия жасалып, жасанды өкпе желдету аппаратына қосылатын. Қазір кейбір жағдайларда жалпы наркозсыз-ақ операция жасау әдісі енгізілген. Алмагүл Линдстром Алматыдағы орталық қалалық клиникалық ауруханасының травматология бөлімшесінде ем алып жатыр. Науқасқа осыдан бірер күн бұрын жаңа әдіспен ота жасалыпты.

«Маған ота кезінде жалпы наркоз емес, аймақтық анестезия салынды. Есім кіресілі-шығасылы болмай, бәрін сезіп жаттым, бірақ мүлдем ауырсыну болмады. Өте жайлы өтті. Операциядан кейін де бас айналу сияқты ешқандай белгілер болған жоқ. Мен дәрігерлерге өте ризамын. Қазір де жағдайым жақсы», – деді науқас Алмагүл Линдстром.

Ақ халаттылардың сөзінше, аймақтық анестезия жүрек-қантамыр, тыныс алу және орталық жүйке жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, оңалту кезеңін қысқартады. Бұл әсіресе егде жастағы, артық салмағы бар және созылмалы ауруларға шалдыққан науқастар үшін тиімді екен. Жаңа тәсілді орталық қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінің анестезиологы Ерболат Әділбеков енгізген. Бүгінде мұндай әдіспен 10 адамға ота жасалыпты.

«Анестезиологтар, реаниматологтар күніне байланысты халықаралық конференция, іс-шара болады. Сол конференцияда осы сұрақты москвалықтарға, Түркиядан, Израильден келген әріптестерге қойдым. Олар да екі жақты бір кезеңде аймақтық наркозды қолданбаған», – деді Орталық қалалық клиникалық ауруханасының анестезиологы Ерболат Әділбеков.

Бүгінде Орталық қалалық клиникалық ауруханасында күніне 35-ке жуық анестезиологиялық көмек көрсетіледі. Операциялардың 70–80 пайызы науқастардың қалауы бойынша аймақтық наркозбен жасалады. Жаңа әдістің басты мақсаты – науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматылық оқушылар бионикалық қол протезін ойлап тапты

Новости партнеров