Көрменің ашылу салтанатында маңызды басқосу да өткізіліп, екі тарап меморандумға қол қойды
Биыл Алматыда Қытай тауарларының көрмесі екінші мәрте өткізіліп отыр. Алғашқы күні-ақ іс-шараға мыңға жуық адам қатысты. Жиналған көпшілікке аспан асты елінің шығысынан келген 100-ден аса кәсіпорын өнімін таныстырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Арай Тұрғынбайқызының тұрмыстық химия өндірісінде жүргеніне биыл 6 жыл толады. Кәсіпкер сусабынның түр-түрін әзірлейтін зауытта қызмет атқарады. Отандық өнім өндіреді. Қазір бұл компания ұжымы тауар айналымын ұлғайтып, инвесторларды тарту үшін барын салып жатыр. Мәселен бүгінгі көрме де сол мақсатты орындауға, серіктес болуға лайықты мамандармен тілдесіп көруге жағдай жасапты.
«Қазақстандық өнімді өндіріп жатқаннан кейін, тәжірибе алмасу –масатым. Екіншіден, өнімімізге, Қазақстанға инвесторлар іздеп келдім. Қытай халқында бизнесмендер өте көп. Сөйлесіп көрдік, серіктес болуға дайын, ақша бөлуге дайын. Жұмыс жасауға болады», – деді кәсіпкер Арай Тұрғынбайқызы.
Дәнекерлеуге қажетті жабдықтар, резеңке өнімдері, үйдің қасбетін әрлеуге арналған шикізат пен ыдыс-аяқтың түр-түрін көрмеден тамашалауға болады. Мұнда, тіпті ауланы әсемдеуге қажетті заттар мен құрылысқа керекті құрал-саймандар көпшілік назарына ұсынылып отыр. Ал олардың барлығы Қытайдың Линьи қаласында шығарылады.
Линьи Қытайдың өндірісі өркен жайған шаһарының бірі саналады. Онда тоқыма өнеркәсібі де ерекше дамып кеткен. Сол себепті, бүгін сала мамандары көрмеге арнайы келіп, қала тұрғындары мен қонақтарына мынадай көрпешелер мен кілемшелердің түр-түрін таныстырып, жасалу технологиясы туралы ақпарат беріп, өзіндік құны жайлы деректерді ұсынып отыр.
«Көрме арқылы екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайта аламыз. Негізінен біздің қаладағы кәсіпкерлер сырт елдерге шығып, өнімін көрсетіп отыруға міндеттелген. Сондықтан осы жәрмеңкеге келдік. Ерекшелігі, мұнда екі ел азаматтары ешқандай делдалсыз тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алып отыр. Сондай-ақ бір-бірімізге қажетті тауарларды экспорттауға жағдай туып тұр», – деді Линьи қаласы сауда орталықтары төрағасының орынбасары Си Ши Сунь.
Көрменің ашылу салтанатында маңызды басқосу да өткізіліп, екі тарап меморандумға қол қойды. Жиында былтыр көрме арқылы елімізге 9 миллион долларға жуық инвестиция тартылғаны, ал биыл бұл көрсеткішті ұлғаятыны сөз болды.
«Бұл жолғысы өткен жылғыға қарағанда қатысқан компаниялардың саны да, әкелінген тауарлардың түрлері де көп. Біз ойлаймыз осылай өте беретін болса көрме Қазақстан мен Қытай ортасындағы бизнесмендердің өзара селбестік жасауына көмегін тигізеді. Қазақстан мен Қытай ортасындағы достыққа да, араласуына да барлығына пайдасы тиеді деп ойлаймын», – деді Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығының басқарма төрағасы Қанат Бейсек.
Жауапты мамандар биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған көрме халыққа ұнап, көпшіліктің көңілінен шықса, жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылатынын айтады.
Еске салайық, бұл жолғы тауарлар көрмесі 3 күн бойы өткізіледі.
Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Алматыда радиатор шығаратын зауыт іске қосылды