Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өткен салтанатты рәсімге көрнекті тұлғаның жақындары, әріптестері мен студенттер қатысты
Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұлағатты ұстаз Балкен Балапанованың құрметіне аудитория ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Парасаттылық пен тәрбиені ту етіп, талай шәкіртті қанат қақтырған Балкен Жолмағамбетқызы атындағы дәрісхана оқу ордасының екінші қабатында ашылды. Салтанатты рәсімге көрнекті тұлғаның жақындары, әріптестері мен студенттер, сондай-ақ университет басшылығы қатысып, ұстазды еске алды. Жиналғандар «Балкен Балапанованың өнегелі өмірі – мамандыққа адал болудың, ғылымға қызмет етудің және жас ұрпақ тәрбиелеудің нағыз үлгісі. Сондықтан дәрісхананың ашылуы жай ғана игі іс емес, ол – ұрпақ сабақтастығының белгісі, ұстазға деген құрметтің айқын көрінісі» деп атап өтті.
«Анамыз – тек отбасының емес, оқу орнының да ардақты ұстазы. Ол бізге де, шәкірттеріне де білімге деген сүйіспеншілікті, адалдықты және адамдарға қызмет етуді үлгі еткен. «Қызға білім берсең, тұтас әулетті тәрбиелегенмен тең» деген қазақта сөз бар. Осы даналық анамыздың өмірі мен ісінде айқын көрінді», – деді Балапановтар әулетінің келіні Әлия Балапанова.
Айта кетейік, Балкен Жолмағамбетқызы – 1938 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. 1958 жылы Қазақ қыздар педагогикалық институтының «Орыс тілі, әдебиеті және музыка» факультетіне оқуға түсіп, 5 жыл білім алған. Студент болып кіріп, доцент қызметін атқарып, зейнетке шыққанша бар ғұмырын өзі оқыған қара шаңыраққа арнаған. Университет ректорының айтуынша, Балкен Балапанованың есімі берілген аудитория – дәрістер өтетін орын ғана емес, ізгілік пен парасаттың ізі болып қала бермек.
«Мен – Балкен Жолмағамбетқызының оқушысымын. Студент кезімізде балалар әдебиетінен сабақ берген. Бұл кісінің адами қасиеті, біліктілігі, адамгершілігі, парасаттылығы бізге өнеге, үлгі. Ол кісі өзінің салмақты мінезімен, адамгершілігімен, студенттерге деген үлкен құрметімен ерекшеленетін. Ол кісі әр студентке өзінің баласындай қарайтын», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова.
Оқи отырыңыз: Digital Qazaqstan 2026: Қазақстанның цифрлық индустриясының жетістіктері таныстырылды