Осы мақсатта Алматыға Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров арнайы жұмыс сапарымен келді
Алматыда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына 670 сайлау учаскесі әзірленіп жатыр. Оның 597-сі азаматтардың тіркелген мекенжайы бойынша, ал 73-і уақытша болатын орындарда орналасқан. Қазір қалада сайлау комиссияларының дайындығы пысықталып, дауыс беруге қажетті жағдайлар тексерілуде. Осы мақсатта Алматыға Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров арнайы жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Almaty TV.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы жұмыс сапарын жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен өткен жиыннан бастады. Кездесуде алдағы саяси науқанның ерекшеліктері, сайлау заңнамасының талаптарын сақтау, дауыс беру күні туындауы мүмкін жағдайларға дайындық, сондай-ақ сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Инспекциялық сапар аясында Нұрлан Әбдіров Түрксіб және Наурызбай аудандарындағы округтік сайлау комиссияларының жұмысымен танысып, бірнеше учаскені аралады. Онда дауыс беру күніне қажетті жағдайлардың жасалуын тексерді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, тексеру барысында сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы мен комиссиялардың дайындығына баса назар аударылған.
«Біріншіден, өз көзімізбен көріп кетуіміз керек, еліміздегі 10 мың 300-ден астам учаске материалдық-техникалық жағынан қаншалықты дайын. Оны жергілікті атқарушы органдар дайындайды. Екінші мәселе – округтік комиссиялардың дайындығы», – деді ол.
Мәслихат депутаттарын сайлауда 1 миллион 355 мыңнан астам алматылық дауыс бере алады. Қала бойынша 9 аумақтық, 21 округтік және 670 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олардың құрамында 4 826 адам бар.
№76 жалпы білім беретін мектептің директоры Сәуле Тілеуованың айтуынша, білім ордасында орналасқан №449 сайлау учаскесінде 2 229 дауыс беруші тіркелген. Мұнда барлық азаматқа, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға да қажетті жағдай жасалған.
«Біздің мектебімізде №449 учаске орналасқан. Учаскемізде 2 229 сайлаушы бар. Барлық сайлаушыға жағдай жасалған. Мүгедектігі бар азаматтарға да қажетті жағдай қарастырылған. Біздің учаскеде 18 жасқа толған 51 сайлаушы бар. Оның ішінде алғаш рет дауыс беретін 6 жас жігіт пен қыз бар», – деді ол.
Қалада сайлауға дайындық жұмыстары 28 қарашаға дейін жалғасады. Ал тұрғындар өздерінің сайлау учаскелерін 109 байланыс орталығы, арнайы интернет-сервис және Telegram-бот арқылы анықтай алады.
Гүлмарал Изатқызы, Думан Дәулетбақұлы, «Алматы» телеарнасы